Семей

Биыл Семей қаласында 100 көше асфальтталады

Семей қаласының әкімі Әділет Нұрсағатұлының төрағалығымен әкімдік отырысы өтті. Отырысқа әкім орынбасарлары, бөлім басшылары және инспекторлар қатысты.

Күн тәртібінде 2026 жылға жоспарланған орташа жол жөндеу жұмыстары, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру, сондай-ақ көппәтерлі тұрғын үйлердің қасбеттерін жөндеу мәселелері қаралды.

Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес және Семей қаласының жол инфрақұрылымын одан әрі дамыту мақсатында 2026 жылы 100 көшеде орташа жол жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар 100 аулаға асфальт төсеу көзделген.

Бүгінгі таңда тұрақтандыру қорының өнімдері 128 сауда нысанында сатылуда. Осыған байланысты қала әкімдігі тарапынан тұрақтандыру қорын қалыптастыру тәсілдерін қайта қарау бойынша жұмыстар басталды. Атап айтқанда өнім сапасына бақылауды күшейту, сатылатын тауарлар ассортиментін кеңейту, жеткізушілер санын арттыру және өңдеуші кәсіпорындарды субсидиялау, жергілікті тауар өндірушілерді белсенді тарту, сауда нысандарына өнім жеткізудің жеделдігін арттыру.

Сонымен қатар, 2026 жылы Семей қаласына біртұтас сәулеттік келбет беру мақсатында 24 көппәтерлі тұрғын үйдің қасбетін күрделі жөндеуден өткізу жоспарланып отыр.

Қала әкімі барлық жұмыстардың сапалы әрі уақытылы орындалуын қатаң бақылауға алуды тапсырды.

Қала тұрғындары үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру — біздің басты міндетіміз. Жоспарланған барлық жұмыстар сапалы және белгіленген мерзімде орындалуы тиіс, – деді Әділет Нұрсағатұлы.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button