Абай облысы мәслихатының кезекті ХХХV сессиясы өтті

Абай облысы мәслихатының кезекті ХХХV сессиясында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, инфрақұрылымына, экологиясына қатысты өзекті мәселелер қаралды. Сессия жұмысына мәслихат төрағасы Шалқар Байбеков, депутаттар және облыс әкімінің орынбасары Ербол Садыр, мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.
Сессия барысында көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық мәселесі қаралып, төтенше жағдайлар қызметтерінің есебі тыңдалды. Абай облысының жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасы басшысының м.а. Мақсат Сахариев өңірдегі дайындық барысы, жүргізілген алдын алу шаралары мен қазіргі ахуал туралы баяндады. Сонымен қатар Төтенше жағдайлар департаментінің Төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы Нұрсұлтан Алдонғаров гидрологиялық жағдай мен тәуекелдерге қатысты ақпарат берді.
Облыстағы туристік саланың жай-күйі мен даму бағыттары қарастырылып, Алакөл жағалауын дамыту, инфрақұрылымды жақсарту, инвестициялық жобаларды іске асыру және қызмет сапасын арттыру мәселелері талқыланды. Сондай-ақ тарих және мәдениет ескерткіштерін пайдалану тәртібін реттеу, оның ішінде жалдау ақысының мөлшерлемесін белгілеу мәселесі қаралды.
Сессияда 2026-2028 жылдарға арналған облыстық бюджетке өзгерістер енгізу және өңірдің даму жоспарын нақтылау мәселелері де тыңдалды. Сонымен қатар табиғат қорғау саласына қатысты жасыл екпелерді жасау, күтіп-ұстау және қорғау қағидаларына, облыстың басқару схемасына өзгерістер енгізу ұсынылды. Күн тәртібінің соңғы мәселесі кәмелетке толмағандарға қатысты бағытты қамтыды.
Сессия барысында депутаттар сұрақ қойып, ұсыныстарын білдірді. Жол мәселесіне қатысты депутаттық сауал жолданды. Күн тәртібіндегі барлық мәселе бойынша тиісті шешімдер қабылданды.
Облыс әкімінің орынбасары Ербол Садыр сессия қорытындысында сөз сөйлеп, қаралған барлық мәселенің өңір үшін өзекті екенін атап өтті. Ол облыстың даму жоспары аясындағы жобаларға қаржы бөлініп, инфрақұрылымды дамытуға басымдық берілетінін жеткізді.
Абай облысы мәслихатының баспасөз қызметі



