
Өскеменде ұландықтар ғасырдан асқан соғыс ардагеріне құрмет көрсетті
Ұлттық ұланның 3477 әскери бөлімінің әскери қызметшілері Ұлы Отан соғысының 103 жастағы ардагері Светочева Анастасия Павловнаның үйіне барып, Көрісу күнін атап өтті. Іс-шара барысында 3477 әскери бөлімі командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, подполковник Ансар Шакенов пен әскери бөлімнің әйелдер кеңесінің мүшелері кейуананың шаңырағына барып, мерекелік лебіздерін жеткізді.
– Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамының бастауына айналған Көрісу күнінің тарихы тереңде жатыр. Қыстан аман шыққан бабаларымыз туған-туысын, жақындарын іздеп, сағына көрісетін болған. Ал Ұлттық ұлан жауынгері үшін артта қалған ұрпағы үшін жанын шүберекке түйіп майданға аттанған ардагерлердің орыны қашанда бөлек. Сондықтан біз ғасырдан майдангермен көрісуді жөн санадық, – дейді 3477 әскери бөлімі командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, подполковник Ансар Шакенов.
Әскери меймандар ардагерге гүл шоқтарын табыстап, иығына камзол жауып, ән шырқап, көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Мұндай құрмет пен ықылас ардагер үшін ерекше әсер қалдырды. Өз кезегінде Светочева Анастасия Павловна Көрісу күнімен арнайы келіп құттықтаған әскери қызметшілерге ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді. Мұндай тағылымды кездесулер жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беріп, ел үшін еңбек еткен ардагерлерге деген құрметтің айқын көрінісі болып табылады.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі



