Абай облысыСемейТОП

Семейде ММА-дан Азия чемпионы Ұлттық ұлан қатарында қызмет етеді

Ұлттық ұланның қатарына Астана қаласынан шақыртылған қатардағы Аян Рахимбек Семей қаласындағы 5511 әскери бөлімінде борышын өтеуде. MMA-дан спорт шеберіне үміткер мерзімді әскери қызметші аралас жекпе-жек өнерімен бесінші сыныптан бастап айналысыпты. Ол 2019 жылы ақтық мәреде қырғыз спортшысын тізе бүктіріп, Астана қаласында өткен байрақты бәсекеде Азия чемпионы атанған.

– Ұлттық ұлан сапына енді қосылған мен үшін әскери темір тәртіппен жауынгерлік қызметке бой үйрету қиындық туыдырмады. Әскерде жүріп те спорттық қабілетімді дамыту үстіндемін. Жыл сайын дәстүрлі түрде кезең-кезеңімен ұландықтар арасында қоян-қолтық ұрыстан сайыстар ұйымдастырылады. Мен алдағы уақытта әскери бөлім атынан шығып, аралас жекпе-жек өнерінен бағымды сынағым келеді, – дейді қатардағы жауынгер Аян Рахимбек.

Анасының айтуынша, білек күшім тасып тұр екен деп Аян ешқашан асып тасымапты. Керісінше үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуден тайынбай, айналасына әрдайым қол үшін беруге әзір тұрады екен. Қатардағы жауынгердің қаруластары да спортшы жайында жағымды пікірде.

– Жауынгерлік жасақ қатарындағы Аянмен бірге қала қауіпсізідігін күзету өзіме үлкен сенімділік сыйлады. Өйткені спортшы сарбаз кез келген оқыс оқиғада батылдық танытып, шапшаң қимылдайды. Адымына ілесіп, иық тіресіп жүріп бауырмалдығына да тәнті болдым. Достыққа да берік екен, – дейді қатардағы жауынгер Дидар Батырбек.

Қазіргі тағда ММА-дан Азия чемпионы Семей қаласында қоғамдық тәртіпті қадағалайды. Еске салайық, Аянмен бірге 5511 әскери бөліміне Отан алдындағы борышын өткеруге келген сарбаздар Түркістан, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарымен Алматы және Астана қаласынан шақыртылған.

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі

Осы айдарда

Back to top button