СемейТОП

Абай облысында инвестициялық жобалар мен кәсіпкерлікті қолдау қарқынды дамып келеді

Абай облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған баспасөз туры барысында өңірдегі бірқатар инвестициялық жоба мен шағын кәсіпкерлік бастамалар таныстырылды. Жиында облыстың кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Айбек Рахымбеков инвестициялық ахуал мен әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер жөнінде мәлімет берді.

— Биыл облыста жобалар саны айтарлықтай көбейді. Жыл басында 29 жоба болса, бүгін олардың саны 101-ге жетті. Тартылған инвестиция көлемі 4,3 триллион теңгеге дейін артты. Соның нәтижесінде жаңа жұмыс орындарының саны 9 мыңға жуықтады. Бұл — өңір экономикасына деген сенімнің нақты көрінісі, — деді басқарма басшысы.

2025 жылы Өңірлік үйлестіру кеңесінің төрт отырысы өтіп, 30 жобаға қолдау көрсетілген. Бұл шешімдер өңірдің инвестициялық тартымдылығын күшейтті.

– Ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі — Pana Complex Semey қонақүй кешені. Жоба аясында нысан жаңғыртылып, заманауи талапқа сай кешен салынды. Құны — 6,5 млрд теңге. 105 жаңа жұмыс орны ашылып, қонақүй 2025 жылғы 20 желтоқсанда пайдалануға берілді. Кешенде түрлі санаттағы нөмірлер, конференц-залдар, қоғамдық тамақтану орындары мен сервистік қызметтер қарастырылған, – деп атап өтті Айбек Рахымбеков.

Сонымен қатар өндірістік және әлеуметтік бағыттағы жобалар іске қосылды. Шығыс ШПЗ 2 млрд теңгеге OSB плиталарын шығаратын зауыт ашып, 80 адамды жұмыспен қамтыды. Универсал СМ 7,5 млрд теңге инвестиция тартып, көпфункционалды көлік-логистикалық терминал мен «Бақты» трансшекаралық хабты іске қосты — 113 жаңа жұмыс орны құрылды. Ал Алтын ұя 320 орындық балабақша салып, 52 адамды тұрақты жұмыспен қамтыды.

– Біздің басты мақсат — әр инвестициялық жоба өңірге нақты пайда әкелуі. Жаңа өндіріс ашылып, тұрғындар жұмыспен қамтылуы керек. Сонда ғана экономикалық өсім халықтың тұрмысына әсер етеді, — деді Айбек Рахымбеков.

2026 жылдың басында Абай облысында 55,2 мың кәсіпкер тіркелген. Соңғы төрт жыл ішінде жалпы сомасы 351 млн теңге болатын 87 жоба гранттық қолдау алған. Өткен жылы 24 кәсіпкерлік бастама арнайы мемлекеттік қолдауға ие болған.

Сонымен қатар, баспасөз туры кезінде бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері Семей қаласындағы Meirmi кәсіпорнына барып, өндіріс барысын көріп қайтты. Кәсіпорын басшысы Айжан Ботбаева Samsa.kz брендінде сорпа, көкөніс өнімдері және вакуумдық қаптамадағы дайын тағам түрлерін шығарады.

— Жоба бойынша 5 миллион теңге көлемінде мемлекеттік грант алдым. Қазір Семей қаласында 6 сауда нүктесі жұмыс істеп тұр. Өнімдер табиғи құрамы мен сапасының арқасында тұрғындардың сұранысына ие, — деді кәсіпкер.

Алдағы уақытта өнім түрін көбейтіп, өндіріс көлемін арттыру көзделген. Өткізу нарығын кеңейту және жаңа жұмыс орындарын ашу да жоспарға енген.

Бұл бастама өңірде шағын және орта бизнесті қолдаудың нақты нәтижесін көрсетеді. Мұндай жобалар жергілікті нарықты отандық өніммен толықтырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңір экономикасының өсуіне ықпал етеді.

Осы айдарда

Back to top button