Семейде 30-ға жуық отбасы баспаналы болды

Бүгін Семей қаласында әлеуметтік осал топтағы азаматтарға және жетім балаларға пәтер кілттері салтанатты түрде табысталды. Шараға облыс әкімі Берік Уәли қатысты.
Тұрғындарды баспанамен қамту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстардың нәтижесінде 2025 жылы облыс орталығында барлығы 327 жалға берілетін пәтер сатып алынды. Соның ішінде Ұшақтар кентінде орналасқан 5 қабатты, 60 пәтерлі тұрғын үй «Отбасы банк» АҚ арқылы кезекте тұрған азаматтарға бөлу үшін берілді.
Аймақ басшысы жаңа қоныс иелерін қуанышты мезетпен құттықтап, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірде тұрғындарды баспанамен қамту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Қаламыз күннен күнге көркейіп келеді. Тұрғындардың өмір сапасын арттыру бағытында ауқымды жұмыс атқарылуда. Игі істердің жалғасы ретінде бүгін біз ерекше сәттің куәсі болғалы отырмыз. Бүгін 26 пәтердің кілті табысталмақ. Ал жақын күндері тағы 34 отбасы осы үйден баспаналы болады. Сонда бір үйдің өзінен ғана 60 адам қоныс тойын тойлайды. Бұл баспаналар әлеуметтік осал топтағы азаматтарға, жетім балаларға беріліп отыр. Бұл – жай ғана үй емес, бұл – жаңа өмірге бастар жол, үміт пен сенімнің символы. Сондай-ақ, наурыз айындағы мерекелерде кезегі келген отбасыларға пәтер кілтін табыстайтын боламыз. Қоныс тойы құтты болсын! Жаңа баспана жаңа бақыт әкелсін! – деді Берік Уәли.
Баспаналы болған тұрғындар ризашылықтарын жеткізді.
Біздің жанұямыз үшін бүгін – ерекше қуанышты күн. Себебі, 11 жыл үй кезегінде тұрып, тағатсыздана күттік. Жаңа баспанаға қол жеткізгенімізге ризамыз. Халықтың жағдайын жасап, қолдау көрсетіп жатқандарыңызға алғыс айтамыз, – деді қала тұрғыны Жанна Иманғазина.
Облыс әкімі Семей қаласын абаттандыру жұмысы жалғасатынын, биыл 75 көшеге асфальт төселіп, 100-ге жуық ауланың жаңғыртылатынын айтты. Айта кетейік, былтыр 52 көше асфальтталып, 35 аула абаттандырылған болатын.
Ұшақтар кентінің дамуына да ерекше көңіл бөлінеді. Қазіргі уақытта жаңа саябақ пен спорттық сауықтыру кешені салынып жатыр. Екі ғимараттан тұратын спорт нысаны – «Самұрық қазына» әл ауқат қоры мен облыс әкімдігінің бірлескен жобасы.
Өткен жылы Қарағайлы ықшам ауданында 27 мың шаршы метрді құрайтын 5 тұрғын үй пайдалануға берілді. Биыл «Абай жастары» бағдарламасы аясында 30 пәтер берілмек.
АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ



