СемейТОП

Семейде «Shygys Mall» сауда ойын-сауық орталығы салынып жатыр

Бүгін облыс әкімі Берік Уәли Семей қаласын аралау барысында «Shygys Mall» сауда ойын-сауық орталығының құрылыс барысымен танысты.

Шығыс кентінде орналасқан орталық инвестордың өз қаражаты есебінен салынуда. Құрылыс жұмыстары биылғы жылдың наурыз айында аяқталады деп жоспарланып отыр.

Екі қабатты ғимараттың бірінші қабатында супермаркет, ойын-сауық орталығы және сауда бутиктері орналасса, екінші қабатта сауда бутиктері қызмет көрсететін болады. Жалпы орталықта 90 сауда орны болады. «Shygys Mall» сауда ойын-сауық орталығы іске қосылғаннан кейін 500-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылады.

Аймақ басшысы нысанның ішін аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың сапасын көріп, құрылысты белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.

Семейде салынып жатқан «Shygys Mall» сауда ойын-сауық орталығы – қала тұрғындары үшін қолайлы әрі заманауи демалыс және сауда алаңына айналмақ. Жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Мұндай маңызды жобалар облыс орталығына аса қажет, – деді облыс әкімі.

2025 жылы облыстың туризм саласында 8,9 млрд. теңгеге 4 жоба іске қосылды. Оның қатарында «Туған жерге туыңды тік» инвестициялық форумы аясында Семей қаласында 6,5 млрд теңгеге «Pana Unique Semey» бес жұлдызды қонақ үй – мейрамхана кешені салынып, былтыр Жаңа жыл қарсаңында пайдалануға берілді. Нәтижесінде 107 жаңа жұмыс орны құрылды. Бесқарағай ауданы Старая Крепость аумағында 1 млрд теңгеге балық шаруашылығымен қатар қызмет көрсететін кешенді демалыс базасы іске қосылды. Жол бойындағы сервисті дамыту мақсатында өткен жылы «Семей-Павлодар» тас жолының бойында «Petro Retail» ЖШС жаңа Keruen Inn қонақ үйін ашты.

2029 жылға дейін облыста 87,4 млрд. теңгеге 48 жобаны іске асыру жоспарланған. Олардың ішінде ірі жобалардың бірі – Әзербайжан Республикасы инвесторларының қатысуымен «Алакөл» емдеу-сауықтыру кешенін салу. Бүгінге құрылыс орнын бекіту жұмыстары келісуде. Сонымен қатар, Шипалы көлінде балшықпен емдейтін санаторийді салу көзделіп отыр. Эскиздік жобасы әзірленді, сәуір айында құрылыс жұмыстарын бастайды. Сондай-ақ, «Abay Hospitality Group» ЖШС және «PanaComplexSemey» ЖШС Абай ауданының Жидебай аумағында этнокешенді, визит-орталығын, «Тары» кафесін салуды жоспарлауда.

АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ

Осы айдарда

Back to top button