ШҚО

Өскеменде ант қабылдаған сарбаз сүйіктісіне сөз салды

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6699 әскери бөлімінде ант қабылдау рәсімі өтті. Абай, Алматы, Павлодар облыстарынан және Астана қаласынан шақыртылған екі жүзге жуық жас толым Өскемен қаласындағы әскери бөлімде салтанатты түрде ант қабылдады. Әскери ант қабылдау рәсімі барысында күтпеген әрі әсерлі оқиға орын алды. Ұлттық ұлан сапына Павлодар облысынан шақыртылған қатардағы жауынгер Махамбет Айтжан көпшіліктің алдында сүйіктісі Айсанаға үйленуге ұсыныс жасады.
Сарбаз саптық алаңның ортасына шығып, сүйіктісін шақырып, өмірлік серігі болуын өтінді. Бұл тосын ұсыныстан толқып кеткен Айсана қуанышпен келісімін білдіріп, «Иә!» деп жауап берді. Көріністі тамашалаған көпшілік бұл сәтті зор қошеметпен қарсы алды. Жиналғандар жауынгерлік ант пен шынайы сезімнің үйлесім тапқанын атап өтті.

– Айсанамен кездесіп жүргеніме үш жыл болды. Үш жылда біз ұзақ көріспей қалған емеспіз. Бүгін мен Отан алдындағы парызымды өтеп, адалдығымды білдірдім. Сонымен қатар, өмірлік серігімді таңдадым. Айсанамен бірге бақытты болатынымызға сенемін. Әскерден кейін қаруластарымды шақырып, үлкен той жасаймын, – дейді Махамбет Айтжан.

Ал Айсана бұл сәттің өмір бойы есінде қалатынын атап өтті.
Салтанатты шарада сонымен қатар сыныптастарда ант қабылдады. Алматы облысы Жамбыл ауданы Қайназар ауылының № 2 орта мектебінің үш түлегі Ұлттық ұлан қатарына қосылды. Бір сыныптан бір сапқа тұрған алматылық жігіттердің ата-анасы да бек қуанышты.

– Дінмұхамед, Дарын, Нұрқанат үшеуі сыныптастар әрі үшеуі де көрші тұрады. Бір үйдің балаларындай болып кеткен ұлдарымыздың мерзімді әскери қызметтерін бір әскери бөлімде өтегені ата-аналар үшін де үлкен қуаныш. Міне, бүгін бәріміз мәз-мейрам боп бірге келдік. Балаларымызда бір-біріне қолдау танытып жүреді деген сенімдемін, – дейді қатардағы Дінмұхамед Рахаттың анасы Ләйлә Омбаева.

Айта кетейік, әскери бөлімде Отан алдындағы борышын өткеретін жас сарбаздар енді бір жыл көлемінде Өскемен қаласындағы түзеу мекемелерін күзететін жауынгерлік қызметті атқаратын болады.

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі

Осы айдарда

Back to top button