ҚазақстанТОП

«Президент мырза, БАҚ-ты қолдауыңызды сұраймыз» — Ұлттық Құрылтай

«Әділ сөз» халықаралық қорының президенті Қарлығаш Жаманқұлова Қызылордада өтіп жатқан V Ұлттық құрылтайда Президенттен отандық БАҚ-қа қолдау көрсетуді сұрады.

— Ақпарат саласында да өзара байланысты күшейтетін кез келді. Бізде өңірлік деңгейде жұмыс істей алатын медиаалаңдар жеткілікті. Ендігі мақсат — соларды жүйелі және тұрақты деңгейге шығару. Аймақтық деңгейдегі медиаресурстарды дамыту арқылы өз нарративтерімізді өзіміз қалыптастыруға мүмкіндік аламыз. Стратегиялық коммуникациялардың ішкі саясаттағы маңызы зор. Сырттан келетін ақпарат көлемі күн сайын артып келеді. Ал адамның оны түсініп, сараптау мүмкіндігі шектеулі. Сол оқиғалардың нарртивтерін өзіміз айқындай алуымыз қажет. Түсіндіру логикасын өзгелер емес, өзіміз белгілеуіміз қажет, — деді Қ. Жаманқұлова Президент қатысуымен өткен V Ұлттық құрылтайда.

Сонымен бірге, Құрылтай мүшесі стратегиялық коммуникация арқылы медиасауатты жүйелі түрде күшейту керегін айтты. Өйиткені медиасауат — қоғамды сыртқы ақпараттық манипуляциялардан, киберқауіптерден қорғаудың құралы. Медиасауаты бар азамат әлеуметтік желідегі жалған сөзге ермейді.

Осыған қоса, отандық БАҚ пен кәсіби журналистиканы қолдау маңызды екені айтылды.

— Шынайы, сапалы ақпаратқа сұраныс азайған жоқ. Отандық БАҚ бірқатар қиындыққа қарамастан, өз жұмысын жемісті жалғастырып келеді. Осы орайда, Президент мырза, БАҚ-ты қолдауыңызды сұраймыз. Сіз 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауыңызда журналистердің қауіпсіздігі мәселесін көтердіңіз. Алайда тәжірибе көрсеткендей, Қылмыстық кодекстің 158-бабы (Журналистiң заңды кәсіби қызметiне кедергi жасау) журналистерді толыққанды қорғай алмай отыр. Осыған байланысты құқықбұзушылықтардың бір бөлігін әкімшілік жауапкершілік санатына көшіруді ұсынамыз. Бұл журналистердің кәсіби қызметін тиімді қорғауға мүмкіндік береді, — деді қор басшысы.

https://kaz.inform.kz/news/zhana-parlamenttte-deputattar-barligina-brdey-ortak-tartppen-saylanui-tis-prezident-37b77c/

Осы айдарда

Back to top button