Облыс әкімі «Ұлы дала қазынасы» көрмесін тамашалады

Бүгін облыс әкімі Берік Уәли Семейдегі Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнер музейінде ұйымдастырылған «Ұлы дала қазынасы» көрмесіне барды.
«Ұлы дала қазынасы» көрмесі – көшпелі өркениеттің асыл мұрасын қамтыған бірегей мәдени жоба. Көрмеде Шығыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі ұсынған археологиялық жәдігерлер қойылған. Бұл құнды экспонаттар – еліміздің жетекші археологтары Зейнолла Самашев пен Әбдеш Төлеубаевтың 2016 жылдан бері Абай және Шығыс Қазақстан облыстары аумағында жүзеге асырып келе жатқан археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесі.
Экспозицияда Абай облысы мен Шығыс Қазақстан өңіріндегі Елеке сазы, Тасарық, Шілікті, Берел, Ақжайлау, Қарақаба сынды археологиялық ескерткіштерден табылған бірегей артефактілер ұсынылған. Көшпенділер дәуіріне тән бұл жауһар жәдігерлер сол кезеңдегі өркениеттің жоғары деңгейін, сондай-ақ, көне дәуір шеберлерінің зергерлік өнердегі асқан шеберлігін айқын көрсетеді. 2016-2025 жылдар аралығында жүргізілген археологиялық зерттеулер барысында 28 мыңнан астам артефакт табылып, облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорын толықтырды.
Тарих ғылымдарының докторы З.Самашев пен тарих ғылымдарының кандидаттары Қ.Ахметжан және Қ.Алтынбеков жасаған ғылыми-тарихи реконструкциялар көрме төрінен орын алды. Соңғы жылдары Қазақстан археологиясындағы ең үлкен жаңалықтардың бірі – Абай облысының Ақсуат ауданының Елеке сазы қорымынан табылған «Алтын адам». Аталмыш жәдігер б.з.б. VIII ғасырға жатады. Қорымның ешкімнің қолы тимеген күйде сақталуы ақсүйек әулеттен шыққан бозбалаға тиесілі жерлеу киімін және қару-жарақтарды дәл қалпында жаңғыртуға мүмкіндік берді. Елеке сазы қорымындағы Қаған мәдени-мемориалдық кешенінен табылған VIII ғасырға жататын «Тақта отырған Қаған» мен Үржар ханшайымы реконструкциясы да келушілердің назарын өзіне аударды.
Көрмені тамашалаған аймақ басшысы ұсынылған жәдігерлердің тарихи және ғылыми маңызының ерекше екенін атап өтіп, Мәдениет басқармасына Абай облысына қатысты ескерткіштердің көшірмелерін жасап, жергілікті музейлерге орналастыру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Былтыр облыста бірнеше маңызды ғылыми-реставрациялық жоба жүзеге асырылды. Семей қаласындағы бұрынғы көпес Мусиннің диірмені ғимараты Pana Unique Semey қонақ үй кешені ретінде жаңғыртылып, пайдалануға берілді. Сонымен қатар В.Чернышевский атындағы №1 мектеп, Губернатор үйі, қос мұнаралы мешіт, көпес Сахно үйі және Ф.Достоевский атындағы әдеби-мемориалдық музей ғимараттарында қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Кейбірінде жаңғырту жұмысы жалғасуда.
АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ


