19 қаңтар — Қазақстан Республикасының Әскери тәрбиешілер күні

Бүгін, 19 қаңтарда, Қазақстан Республикасында Әскери тәрбиешілер күні аталып өтуде. Бұл — әскердегі тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмысқа жауапты офицерлердің кәсіби мерекесі. Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығында бұл бағыттағы қызмет қолбасшылықтың барлық әскери бөлімдерін қамтиды.
Айта кетерлігі, 1993 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі командир орынбасарлары институты құрылды, бұл әскери басқару жүйесі мен жеке құрамды тәрбиелеудің ұлттық жүйесінің қалыптасуында маңызды белес болды.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығы құрамындағы әскери бөлімдер қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, қылмыстық-атқару мекемелерін күзету, сондай-ақ стратегиялық маңызы бар мемлекеттік нысандарды қорғау міндеттерін орындайды. Аталған әскери бөлімдер Өскемен, Семей, Курчатов және Павлодар қалаларында орналасқан.
Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары, подполковник Арман Сеитовтың айтуынша, жеке құраммен жұмыс — сенімді қызметтің басты кепілі:
Тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс офицерлері әскери қызметшілермен тұрақты түрде әңгімелер, сабақтар мен кездесулер өткізеді, мәдени-демалыс және патриоттық іс-шаралар ұйымдастырады. Әскери ортадағы жарғыға қайшы қарым-қатынастардың, құқық бұзушылықтардың және өзге де теріс көріністердің алдын алуға ерекше көңіл бөлінеді. Қызметтік-жауынгерлік міндеттерді орындау барысында тәрбие құрылымы жеке құрамның моральдық-психологиялық жағдайын сақтауға, әскери ұжымның бірлігін нығайтуға және өзара жауапкершілік сезімін қалыптастыруға ықпал етеді, — деп атап өтті ол.
Оның сөзінше, тәрбие құрылымының үйлесімді әрі жүйелі жұмысы Ұлттық ұланға жүктелген міндеттердің сапалы орындалуына тікелей әсер етіп, қоғамдық тәртіпті тиімді қамтамасыз етуге, түзеу мекемелері мен стратегиялық маңызы бар мемлекеттік нысандарды сенімді қорғауға мүмкіндік береді.
Әскери тәрбиешілер күні — тәртіпті нығайтуға, құқықтық сананы қалыптастыруға және ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында абыройлы қызмет атқарып жүрген тәрбие қызметі офицерлерінің еңбегін дәріптейтін күн.
ҰҰ «Шығыс» ӨңҚ баспасөз қызметі



