Семейде «Абайдың зияткерлік ізімен» тоғызқұмалақ үйірмесі ашылды

Семей қаласында ұлттық зияткерлік ойындарды дәріптеуге бағытталған «Абайдың зияткерлік ізімен» тоғызқұмалақ үйірмесі өз жұмысын бастады. Үйірме Абай облысының Қоғамдық келісім орталығы мен өңірлік тоғызқұмалақ федерациясының бірлесуімен ашылды.
Тоғызқұмалақ — халқымыздың сан ғасырлық мұрасынан орын алған, ойлау қабілетін жетілдіретін зияткерлік ойын. Ол есепке жүйрік болуды, алдағы қадамды алдын ала саралауды және тактикалық шешім қабылдауды қалыптастырады.
Үйірменің ашылу рәсімі облыстық Достық үйінде өтті. Шара Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бекітілген Қазақстан халқы Ассамблеясын 2030 жылға дейін дамыту тұжырымдамасында көрсетілген жастардың ой-өрісін кеңейту және қоғамдық келісімді нығайту міндеттері аясында ұйымдастырылды.
Үйірмені тәжірибелі жаттықтырушы Леонид Парфиев жүргізеді. Оның айтуынша, ол тоғызқұмалақпен 2000 жылдан бері айналысып келеді.
2016 жылдан бастап спорт мектебінде кәсіби жаттықтырушы ретінде жұмыс істедім. Соңғы жылдары шәкірттерім халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізген. Атап айтқанда, өткен жылдың қараша айында Малика Әсемханова әлем чемпионы атанған, – деді жаттықтырушы.
Іс-шара барысында Ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұратқазы Әлин үйірменің тәрбиелік маңызына тоқталды.
– Үстел ойындары үлкендерге ғана арналған деген түсінік дұрыс емес. Тоғызқұмалақ — жастар мен балалардың ойлау жүйесін дамытатын маңызды құрал. Бұл ойын Абайдың өзі ерекше мән берген зияткерлік мұраның бірі, – деді ол.
Жиынға Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, Ассамблея жастары және этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты.
Үйірменің басты мақсаты — ұлттық зияткерлік ойындарды кеңінен насихаттау ғана емес, сонымен қатар этносаралық татулықты нығайтып, ортақ қызығушылық негізінде жастарды біріктіру. Тоғызқұмалақ адал бәсекені дәріптеп қана қоймай, жастардың бір-бірімен жақын араласып, ортақ іске ұйысуына мүмкіндік береді.



