Өңірде «Халық бухгалтері» акциясы бастау алды

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің бастамасымен 2026 жылғы 5 қаңтардан бастап еліміздің барлық өңірлерінде жеке кәсіпкерлер мен шағын бизнес субъектілеріне арналған «Халық бухгалтері» акциясы басталды және ол 30 маусымға дейін жалғасады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Абай облысы бойынша МКД түсіндіру жұмысы және байланыс орталығы басқармасының басшысы Әсем Тұрлыбекова баяндады.
– Аталған акцияның негізгі мақсаты салық төлеушілерге бухгалтерлік есеп, салық есептілігі және мемлекеттік ақпараттық жүйелерде жұмыс істеу бойынша түсінікті әрі қолжетімді практикалық кеңестер беру, сондай-ақ салықтық міндеттемелерді дұрыс орындауға жәрдемдесу. Кеңес беру жұмыстары негізінен офлайн форматта, аудандардағы және Семей қаласындағы Мемлекеттік кірістер басқармаларының ғимараттарында ұйымдастырылуда, – деп атап өтті спикер.
2026 жылғы қаңтар–ақпан айларында консультациялар аптасына үш рет, дүйсенбі, сәрсенбі және жұма күндері сағат 10:00-ден 13:00-ге дейін, ал наурыз айынан бастап аптасына екі рет өткізіледі.
– Акция аясында кәсіби бухгалтерлер мен аудиторлар, бухгалтерлік бірлестіктердің өкілдері, сондай-ақ Мемлекеттік кірістер органдарының тәжірибелі қызметкерлері кеңес береді. Абай облысы бойынша Семей қаласында қабылдау Бабабтайұлы көшесі, 28Б мекенжайында орналасқан қалалық Мемлекеттік кірістер басқармасының ғимаратында жүргізіледі, ал аудан орталықтарында кеңестерді Мемлекеттік кірістер басқармаларының қызметкерлері ұсынады. Қажет болған жағдайда Департамент мамандары іссапарға шығып, қосымша көмек көрсетеді, сонымен қатар облыс бойынша бекітілген қызметкерлер бейне-аудио және телефон байланысы арқылы да кеңес береді, – деді түсіндіру жұмысы және байланыс орталығы басқармасының басшысы.
«Халық бухгалтері» акциясы салық төлеушілермен жұмыс істеуде бақылау моделінен сервистік сүйемелдеуге көшу жолындағы маңызды қадам. Алдағы уақытта құқық бұзушылықтардың алдын алуға және консультациялық қолдаудың сапасын арттыруға бағытталған қосымша шаралар іске асырылатын болады. Айта кету керек, акция басталғалы бері 488 салық төлеушіге көмек көрсетіліп, 783 сұраққа жауап берілді, бұл аталған бастаманың өзектілігі мен сұранысқа ие екенін көрсетеді.


