2026 жылдан бастап Қазақстан Республикасының жаңа Салық кодексі күшіне енеді

Жаңа кодекстегі маңызды өзгерістердің бірі – салықтық әкімшілендірудегі бюрократиялық процестерді оңтайландыру. Бұл туралы толығырақ Түсіндіру жұмысы және байланыс орталығы басқармасының басшысы Әсем Тұрлыбекова баяндады.
– Жаңа өзгерістерге байланысты, егер салық төлеуші салық есептілігін белгіленген мерзімде ұсынбаса, есептілікті тапсыру мерзімі өткеннен кейін ақпараттық жүйе салық төлеуге жататын сомасы нөл теңге болатын салық есептілігін автоматты түрде қалыптастырады. Бұл норма салық есептілігін ұсынбағаны үшін хабарламалар жібермеуге, банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкімдер шығармауға, сондай-ақ «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы кодексінің 272-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартпауға мүмкіндік береді, яғни бизнес үшін жазалау шаралары азаяды, – деп атап өтті спикер.
Сонымен қатар, мемлекеттік кірістер органдары тарапынан салық салынатын айналымдар анықталған жағдайда әкімшілік жауапкершілік шаралары қолданылады. Ал егер салық төлеуші мәлімделмеген кірістерді өз бетінше анықтап, қосымша салық есептілігін тапсырса, оған ешқандай шара қолданылмайды.
– Айта кету қажет, салық есептілігін автоматты түрде қалыптастыру тек салық төлеушінің жеке кабинетінде (СӘИЖ СТК) ұсынылуы тиіс салық есептілігінің нысандары алдын ала көрсетілген жағдайда ғана жүзеге асады. Егер дерекнамада қажетті нысандар көрсетілмесе, жүйе есептілікті автоматты түрде қалыптастыра алмайды. Осы себепті салық төлеушілерге дерекнамадағы мәліметтерді алдын ала өзектендіру ұсынылады. Сонымен қатар, 2026 жылдан бастап «Салық есептілігін кері қайтарып алу» қызметі алынып тасталады. Бұл дегеніміз, салық есептілігі ұсынылғаннан кейін оған өзгерістер енгізу тек қосымша салық есептілігін тапсыру арқылы ғана мүмкін болады. Сондықтан салық төлеушілер декларацияларды толтыруға жауапкершілікпен қарап, жіберер алдында барлық мәліметтердің дұрыстығын мұқият тексеруі қажет,- деді Асем Тұрлыбекова.
Салықтық әкімшілендірудің жаңа ақпараттық жүйесінде (СӘИЖ) салық есептілігінің негізгі нысандарын тапсыру кезінде салық органының коды салық төлеушінің тіркеу орны бойынша автоматты түрде анықталып көрсетіледі. Бұл бұрын жиі кездесетін қателіктердің алдын алуға бағытталған. Дегенмен, қажет болған жағдайда салық төлеуші салық органының кодын дербес редакциялай алады. Толығырақ Мемлекеттік қызметтер басқармасының басшысы Жұлдыз Мусина кеңінен тарқатты.
– Салық есептілігін ұсыну мерзімін ұзарту нормасы жойылады, яғни декларация тапсыру мерзімін кейінге қалдыру заңнамада енді көзделмейді. Осыған байланысты салық төлеушілерге есептілікті алдын ала жоспарлап, белгіленген мерзімде уақтылы тапсыру ұсынылады.Аталған өзгерістер ҚР Қаржы министрінің 2025 жылғы 12 қарашадағы №695 бұйрығына сәйкес енгізіліп отыр. Бұл бұйрықта салық есептілігінің нысандары, оларды толтыру тәртібі мен түсініктемелері, сондай-ақ есептілікті қабылдау және ұсынуды тоқтата тұруға қатысты мемлекеттік қызмет көрсету қағидалары нақты айқындалған. Жаңа нормалар 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді және осы күнге дейін туындаған құқықтық қатынастарға да қолданылады, – деп түйіндеді басқарма басшысы.



