ҚазақстанТОП

Мемлекет әрдайым ауылды қолдайды – Тоқаев

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл әкімдерінің жиынында мемлекет әрдайым ауылды қолдайтынын жеткізді. 

Біз бүгін ауылға қатысты көптеген маңызды мәселені көтеріп, нақты міндеттерді айқындадық. Алдымызда тұрған міндеттің бәрін сапалы әрі жүйелі орындасақ, мақсатымызға жетеміз. Ауыл өмір сүруге қолайлы, еңбек етуге жайлы болуға тиіс.

Ауыл әкімі осы өте маңызды жұмыстың басы-қасында жүреді. Бүгін әкім Жанар Нұрмұратқызы «Таза Қазақстан» қозғалысы жөнінде өте өзекті мәселе көтерді. Оған алғыс айтамын. Мемлекеттік саясатты халыққа жеткізетін де, елдегі өзгерістердің, атқарылып жатқан ауқымды жұмыстың мән-маңызын жан-жақты түсіндіретін де — әкімдер. Мен Сіздерге зор үміт артамын, — деді Мемлекет басшысы.

Оның пайымынша, әкімнің ең басты міндеті — тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру. Ауылдағы ағайынның әл-ауқаты жақсарса, ауылдарымыз да көркейеді деген сөз.

Сіздер ауылды өркендету үшін табанды еңбек етесіздер деп сенемін. Ауыл халқы елімізді дамытуға зор үлес қосуда. Мен осы сәтті пайдаланып, барлық ауыл тұрғындарына зор алғыс айтамын.

Мемлекет әрдайым ауылды қолдайды. Себебі ауыл — ұлтымыздың өзегі. Ауылды жаңа көзқараспен, озық оймен, жаңартылған тәсілдермен бірге дамытуымыз керек, — деді Президент.

Ол бүгінгі жиында ауыл әкімдерімен қатар, Үкімет мүшелері және облыс әкімдері отырғанын атап өтті. Сонымен қатар Үкіметке экономиканы сауықтыру үшін Ұлттық банкпен, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп, нақты шаралар қабылдауды тапсырғанын да еске салды.

Осыған орай, өткен аптада үш жылға арналған Макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі бірлескен іс-қимыл бағдарламасы қабылданды. Құжатта көрсетілген шаралар сапалы әрі уақтылы орындалуы керек. Бұл жұмысқа облыс әкімдері белсене атсалысуға тиіс.

Нақты ойластырылған ұсыныстарды Үкіметке енгізуге рұқсат беремін. Алдымызда тұрған басты мақсаттар: экономиканың тұрақты, сапалы өсімін қамтамасыз ету қажет; инфляцияны төмендетіп, халықтың табысын арттыру арқылы тұрмыс жағдайын жақсарту қажет; жеке секторды дамытып, өндірісті жандандыру керек; дайын өнім экспортын көбейту қажет, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің сөзінше, мемлекетіміздің алдында әлі де көптеген сынақ пайда болуы мүмкін. Қазіргі таңда әлемдегі ахуал тұрақты емес, келешегі бұлыңғыр деуге болады. Кейбір елдердің егемендігі, жерінің тұтастығы әлі толық шешілмеген, тіпті, бұл мәселе халықаралық даулардың өзекті тақырыбына айналды. Біріккен Ұлттар Ұйымының беделі әлсіреп кетті, жаһандық экономика да құбылмалы күйде.

Сондықтан бәріміз бір ұлт болып, қырағылықты сақтауымыз керек, жас ұрпаққа қамқорлық көрсетіп, дұрыс тәрбие беруіміз қажет, ішкі даулардан аулақ болып, ынтымақ-бірлігімізді нығайтуымыз керек. Жалпы, бәрімізге ортақ аса маңызды міндет — ел мүддесіне тиімді қызмет ету.

Қазақстанның егемендігі, дербестігі, тәуелсіздігі — бәрінен қымбат. Бұл — ұлтымыздың алдында тұрған ең биік мақсат.

Мен ел Президенті ретінде бұл мақсатты орындау үшін барлық күш-жігерімді саламын, — деді Мемлекет басшысы.

Жиында Парламент Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошанов, Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев, Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданы Қоскөл ауылдық округінің әкімі Әділет Мұсағали, Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданы Вагулино ауылдық округінің әкімі Ирина Шишкина, Алматы облысы Талғар ауданы Нұра ауылдық округінің әкімі Ахмет Оразбаев, Жамбыл облысы Жуалы ауданы Қарасаз ауылдық округінің әкімі Жанар Нұрмұратқызы, Ақтөбе облысы Мәртөк ауданы Тәңірберген ауылдық округінің әкімі Медет Бекжанов, Қостанай облысы Қостанай ауданы Владимир ауылдық округінің әкімі Әлия Жүнісова, Алматы облысы Қарасай ауданы Райымбек ауылдық округінің әкімі Ержас Тоқтасынов, Абай облысы Көкпекті ауданы Шұғылбай ауылдық округінің әкімі Нұрлан Назарханов сөз сөйледі.

Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев бір палаталы жаңа Парламентте Президент квотасы болмайтынын мәлімдеді.

https://kaz.inform.kz/news/memleket-ardayim-auildi-koldaydi-tokaev-a05779/

Осы айдарда

Back to top button