ШҚО

ШҚО-да жас толымның алғашқы легі Ұлттық ұланның әскери бөліміне аттанды

Шығыс Қазақстаннан әскерге аттанған 23 сарбаз Ұлттық ұланның 5571 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтейді. Оларды құқықтық тәртіп әскерінің Алматы қаласындағы әскери бөліміне шығарып салу әскери оркестрдің сүйемелдеуімен өтті. Күзгі шақырылымда Ұлттық ұлан сапына қосылатындардың бірі – Азамат Мұратов. Ол Отан қорғау әрбір ер жігіттің парызы деп біледі. Сол себепті, оқуын бітіре салысымен әскерге баруға шешім қабылдапты. Енді міне, 19 жастағы бозбала балалықпен қоштасып, ел қорғаны болуға ниетті.

– Мен Риддер қаласының тумасымын. Біздің жақтың қысы да қатал, жазы да салқын. Спортты бойыма серік етіп, табиғаты қатал өңірде физикалық қабілетімді шыңдадым. Ертең әскерге барғанда, шығыстың жігіттерінің шымыр екендіктерін көрсеткім келеді. Ұлттық ұлан сапында Отан алдындағы борышымды абыройлы өткеремін деген сенімдемін. Болашақта әскери саланың маманы болғым келеді, – дейді әскерге шақырылушы.

Сап түзеген шығыстық жастар алдағы бір жылда әскери өмір мектебінен өтеді. Темірдей тәртіпке бой үйретіп, жауынгерлік өнерге машықтанады. Олар Бауыржан Момышұлы атындағы бригада сапында оңтүстік астананың қоғамдық тәртібін қадағалауға міндетті. Салтанатты шара барысында ата-аналар қауымы да жас толымға жылы лебіздерін жолдады.

– Бала күнінен әскери қызметші болуды армандайтын балам әскерге аттанып жатыр. Көңілде қобалжу барын жасырмаймын. Алып мегаполистегі түрлі шаралардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қоғамдық тәртіпті қадағалайды екен. Бұл да сарбазға жүктелген жауапты міндет. Әскердің жасөспірімнің нағыз ер азамат болып қалыптасудағы рөлі зор деп санаймын, – дейді әскерге шақырулышының анасы Әсем Тұрсынғазықызы.

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі

Осы айдарда

Back to top button