ШҚО

Ұлттық ұлан сақшысы режим бұзушылықтың алдын алып, үйіне 10 күндік демалысқа жіберілді

Өскемен қаласындағы қылмыстық-атқару жүйесінің бір мекемесінде белгісіз адамдар тыйым салынған заттарды сыртқы қоршаудан лақтырып өткізуге әрекеттенген. Олар тоғыз оралымды сыртқа тастаған: жетеуі — тұрғын аймаққа түссе, біреуі — техникалық жолаққа құлаған, тағы бірі негізгі қоршау элементтеріне ілініп қалған.

Қоршауға ілініп қалған тыйым салынған затты алмақ болған төрт сотталушы айла жасап, ішкі тыйым салынған аймаққа өтіп кетуге тырысқан. Осы сәтте 6699 әскери бөлімінің бекеттегі сақшысы жағдайды дер кезінде байқап, заңға сай әрекет еткен.

Сақшы алдымен сотталғандарға қатты дауыспен «Тоқта, артқа!» деп бұйрық берді. Ол бірден жағдайды қарауыл бастығына баяндап, ескертуін қайта айтты: «Тоқта, артқа! Тоқта, атамын!».
Алайда талапқа бағынбаған сотталушылардың бірі негізгі қоршауға өрмелеуге тырысқан.

Нұсқаулыққа толық сәйкес әрекет еткен сақшы аспанға ескерту оғын атқан.
Әскери қызметшінің қырағылығы мен кәсіби сауаттылығының арқасында режимді бұзу әрекетінің әрі қарай өршуіне жол берілмеді және заңға қарсы іс-әрекеттердің алдын алынды.

Көрсеткен қырағылығы мен кәсіби дайындығы үшін әскери қызметшіге 10 тәулікке үйіне демалыс берілді.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button