Абай облысыТОП

Облыс әкімі Семей қаласындағы денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын көрді

Бүгін облыс әкімі Берік Уәли Семей қаласындағы бірқатар нысандарды аралады. Аймақ басшысы Бобровка кентінде жеке инвестиция есебінен салынып жатқан дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысымен танысты.

10 мыңға тарта халық тұратын Бобровка және Мұрат тұрғын үй алаптарында заманауи спорттық және әлеуметтік нысандар жеткіліксіз. Жобаның жалпы құны – 700 миллион теңге. Екі қабатты нысанда жалпы ауданы 720 шаршы метрді құрайтын ойын және күрес залдары қарастырылған. Құрылысы биыл мамыр айында басталған нысан желтоқсанда пайдалануға берілмек.

Облыс әкімі мердігерлерге жұмысты сапалы әрі мерзімінде аяқтауды тапсырды.

Бұл кешенде тек Бобровка тұрғындары ғана емес, жақын маңдағы «Мұрат» саяжайындағы халық та спортпен шұғылданатын болады. Қазіргі уақытта қаламызда дәл осындай спорт нысаны Водный кентінде де салынып жатыр. Бұл – шаһардың шеткері аудандарының тұрғындары үшін салауатты өмір салтын ұстанып, бұқаралық спортпен айналысуына мүмкіндік береді, – деді аймақ басшысы.

Водный кентіндегі денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы қазіргі уақытта 70 пайызға аяқталған. Нысанды жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Сонымен қатар Ұшақтар шағын ауданында «Самұрық қазына» әл ауқат қоры мен Абай облысы әкімдігінің бірлескен жобасы спорттық сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізілуде. Жалпы аумағы 1770 шаршы метрді құрайтын нысан 1,1 гектар аумақта бой көтереді. Кешен екі корпустан тұрады және бір мезетте 115 адамға дейін қабылдай алады. Мұнда 11 үстелге арналған теннис залы, күрес, заманауи жаттығу залдары, футбол алаңдары қарастырылған. Спорт ғимаратын келер жылдың қыркүйек айында пайдалануға беру жоспарланып отыр.

АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ

Осы айдарда

Back to top button