Абай облысыСпортТОП

«Елімай» УЕФА Конференциялар лигасының іріктеу кезеңіне жолдама алды

Бүгін «Елімай» футбол клубы Қазақстан Премьер-лигасының соңғы турында өз алаңында «Атырау» командасымен кездесті.

Семейлік футболшылар қарсыласын 3:2 есебімен жеңіп, биылғы маусымды төртінші орынмен түйіндеді. Бұл нәтиже командаға келесі маусымда УЕФА Конференциялар лигасының іріктеу кезеңінде ойнауға мүмкіндік береді.

Матчты тамашалауға арнайы келген облыс әкімі Берік Уәли футбол командасы мен жанкүйерлерді тарихи жетістікпен құттықтады.

Енді біз үлкен футбол қалаларының қатарына қосылдық деп айтсақ та болады. Өйткені, УЕФА Конференциялар лигасының іріктеу кезеңіне жолдама алып отырмыз. Бүгін – біздің өңіріміздің тұрғындары үшін ерекше әрі тарихи күн. Бұл – Семей футболының қайта өрлеуінің, жанкүйерлер сенімінің ақталуының және облыс спортына көрсетіліп отырған жүйелі қолдаудың нақты нәтижесі. Баршаңызға белгілі, Семей – қазақ футболының отаны. Еліміздің тарихындағы ең алғашқы футбол командасы «Ярыш» тарихи қала Семейде құрылып, онда қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовтың ойнағаны біз үшін үлкен мақтаныш. «Елімайдың» бұл тарихи жеңісі сол ертеден қалыптасқан ұлы жолдың лайықты жалғасы. Тұңғыштар мекені Семей футболының жаңа кезеңі деуге толық негіз бар. Көп жылдан бері жанкүйерлер Еуропа аренасында «Елімай» атауының қайта естілуін, өз клубының халықаралық деңгейде бақ сынауын аңсап келді. Бүгін сол көптен күткен арман ақиқатқа айналып, Семей футболының даңқы жаңа белеске көтерілді. Бұл жетістік – барша облыс тұрғындарының ортақ қуанышы әрі Абай облысы спортының жаңа кезеңінің бастауы. Баршаңызды бүгінгі тарихи жеңіспен шын жүректен құттықтаймын!, – деді аймақ басшысы.

2022 жылы қайта құрылған «Елімай» аз ғана уақыт ішінде ел футболының басты командаларының біріне айналды. 2023 жылғы маусымда команда Бірінші лигада бірде-бір жеңіліссіз чемпион атанып, 2024 жылы Қазақстан Премьер-лигасына қайта оралды.

Жақында Семей қаласында 25 000 орындық жаңа стадионның құрылысы басталды. Бұл жоба өңірдің спорт инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтеріп, халықаралық жарыстар мен бұқаралық іс-шараларды өткізуге мүмкіндік беретін заманауи спорттық база болмақ.

АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ

Осы айдарда

Back to top button