Абай облысының үш педагогі республикалық «Үздік педагог – 2025» атағын иеленді

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің ұйымдастыруымен өткен дәстүрлі республикалық «Үздік педагог – 2025» конкурсының қорытындысы жарияланды. Биылғы байқауда Абай облысынан үш педагог ел деңгейінде үздік атанды.
Олардың қатарында Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы көпбейінді №5 гимназиясының тарих пәні мұғалімі Гүлмира Жұмабекова, Бородулиха ауданы Жезкент мектеп-лицейінің информатика пәні мұғалімі Наталья Елюбаева және Электротехникалық колледждің арнайы пәндер оқытушысы Шыңғыс Шынарбек бар.
Республика күні қарсаңында өткен салтанатты марапаттау рәсімінде ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова ұстаздарға «Үздік педагог» куәлігі мен төсбелгісін, сондай-ақ 1000 АЕК мөлшеріндегі сыйақыны табыстады.
Биыл «Үздік педагог» конкурсына Абай облысы бойынша 56 педагог қатысып, оның 19-ы облыстық кезеңде бақ сынады. Соның ішінде 9 педагог 80 пайыздан жоғары нәтиже көрсетіп, облыстық кезеңнің жеңімпаздары атанды. Ал үш педагог республика көлемінде үздіктер қатарынан көрінді.
Бұл жетістік – Абай облысы ұстаздарының кәсіби біліктілігі мен білім сапасын арттыру бағытындағы жүйелі еңбегінің айқын көрінісі.
АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ



