Абай облысында кадр тұрақтылығы мен мектептегі тамақтану мәселесі қаралды

Облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен кеңейтілген аппараттық кеңесте Абай облысының жергілікті атқарушы органдарындағы кадр тұрақтылығы мен әдеп-нормаларының сақталуы және оқушыларды тамақтандыру мәселелері қаралды. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Абай облысы бойынша департаментінің басшысы Руслан Шарипов және Абай облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұржан Ноғайбаев баяндады.
Өткен жылы облыстағы Өңірлік кадр резервіне 25 жас маман іріктелді. Президент Әкімшілігінің тапсырмасына сәйкес резерв мүшелерін мемлекеттік лауазымдарға тағайындау жұмысы жүргізілуде. Бүгінгі таңда резервшілердің 11-і түрлі мемлекеттік қызметтерге тағайындалды. Агенттік әр резервшіге арналған жеке мансаптық карта әзірлеп, ұсынылатын лауазымдар тізімін қалыптастырды.
Бос лауазымдарды тиімді толтыру мақсатында заңнамаға сәйкес мемлекеттік грант негізінде оқуын үздік аяқтаған түлектерді аудандық және ауылдық деңгейдегі басшы емес лауазымдарға конкурссыз қабылдау мүмкіндігі қарастырылған. Сондай-ақ, Мемлекеттік басқару академиясын жоғары нәтижемен тәмамдаған қызметшілерді конкурстан тыс мансаптық ілгерілету тетігі бар. Есепті кезеңде 14 түлек жергілікті мемлекеттік органдарға конкурссыз қабылданды.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2023 жылғы қыркүйектен бастап 1-4 сынып оқушылары әлеуметтік мәртебесіне қарамастан тегін ыстық тамақпен 100% қамтылған.
Аймақ басшысы облыс әкімінің аппаратына аудан-қала әкімдерімен бірлесіп, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Абай облысы бойынша департаментінің ұсыныстарын ескере отырып, заң талаптарына сәйкес бос лауазымдарды толтыру бойынша тиісті жұмыстарды жүргізуді тапсырды. Сонымен қатар, мектеп оқушыларын ыстық тамақпен қамтамасыз ету бойынша үш жылдық Жол картасын әзірлеп, нақты шаралар мен мерзімдерді айқындау қажеттігін айтты.
АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ