Семей қаласында Ұлттық ұланның 5511 әскери бөлімінің 30 жылдық мерейтойы аталып өтті

Семей қаласында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 5511 әскери бөлімінің құрылғанына 30 жыл толуына арналған салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік жиын Абай Құнанбайұлы атындағы облыстық драма театрында ұйымдастырылды.
Салтанатқа Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Арман Жұмағалиев, ішкі әскер мен Ұлттық ұланның ардагерлері, жергілікті атқарушы органдар мен құқық қорғау құрылымдарының өкілдері, сондай-ақ әскери бөлімнің жеке құрамы мен арнайы шақырылған қонақтар қатысты.
Мерекеге ерекше сән мен рух берген Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланының ансамблі болды. Арнайы түрде Астана қаласынан келген өнер ұжымы көрермендерге патриоттық рух пен бірлікті сезіндірген әсерлі өнерін тарту етті.
5511 әскери бөлімі 1995 жылы Семей қаласында арнайы мото-милиция батальоны ретінде құрылған болатын. Сол уақыттан бері бөлім қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде сенімді тірекке айналды.
Жылдар бойы бұл бөлімге подполковник Ахметов, полковник Оразбаев сынды лайықты офицерлер басшылық етіп, жауынгерлік дәстүр мен тәртіпті, жеке құрамның бірлігін нығайтуға зор үлес қосты.
Бүгінде әскери бөлімге полковник Айбек Исенов басшылық етеді. Оның жетекшілігімен бөлімнің әскери қызметшілері қызметтік-жауынгерлік міндеттерін абыроймен орындап, отансүйгіштік пен жауапкершілік рухында жас буынды тәрбиелеуді жалғастыруда.
Салтанатты іс-шара барысында генерал-майор Арман Жұмағалиев пен полковник Айбек Исенов қызметте ерекше көзге түскен әскери қызметшілерге марапаттар табыс етті.
Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Бас қолбасшысының бұйрығымен «Қоғамдық тәртіпті сақтағаны үшін» ІІ дәрежелі медалімен сержант Төреханов Қуаныш Серікханұлы мен аға лейтенант Исатаев Еркін Жамболатұлы марапатталды.
Отыз жыл ішінде 5511 әскери бөлімінің жеке құрамы құқықтық тәртіп пен қауіпсіздіктің сенімді тірегі ретінде танылды. Әскери қызметшілер қоғамдық тәртіпті қорғауға, өрт сөндіру, табиғи апаттардың салдарын жою және еліміздің әр өңірінде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіне белсене атсалысып келеді.
ҰҰ “Шығыс” өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі