
Қазақстан Республикасының «Сайлау туралы» Конституциялық заңы және Абай облысы әкімінің 2025 жылғы 18 тамыздағы өкіміне сәйкес, Семей қаласы әкімінің сайлауы 2025 жылғы 12 қазанға тағайындалды. Бұл туралы Семей қаласы аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Гүлжан Қуанышева мәлімдеді.
Аталған қаулылар 2025 жылғы 27 тамызда облыстық және қалалық аумақтық сайлау комиссияларының интернет-ресурстарында жарияланды.
– Семей қаласы әкімін сайлау 47 күнге жоспарланған. Кандидаттарды ұсыну 28 тамыз – 11 қыркүйек аралығында өтті, ал тіркеу 16 қыркүйекте аяқталды. Үгіт-насихат жұмыстары 16 қыркүйектен 11 қазанға дейін жүргізіледі. Сайлаушылар тізімдері бекітіліп, учаскелерге тапсырылды,- деді Гүлжан Қуанышева.
Семей қаласында барлығы 129 сайлау комиссиясы жұмыс істейді: 1 аумақтық және 128 учаскелік. Олардың құрамында 929 мүше бар, соның 92,9%-ы тәжірибелі. 2025 жылғы 15 қыркүйек жағдайы бойынша вакансия жоқ.
– Семей қаласының халқы – 314 300 адам, оның ішінде сайлаушылар саны 220 761. Дауыс беруде 1221 мүгедектігі бар азаматқа арнайы жағдай қажет. Сол үшін учаскелер пандустармен, тактильді көрсеткіштермен жабдықталып, бірінші қабатта орналасқан және «Қолжетімділік картасына» енгізілген 2025 жылғы 23 қыркүйектен бастап қала бойынша 128 сайлау учаскесі ашылып, өз жұмысын бастады,-деп атап өтті сайлау комиссиясының төрағасы.