Абай облысыТОП

Бесқарағайда туризм қарқынды дамып келеді

Бесқарағай ауданында қонақүйлер мен демалыс орындарының саны артып, туризм саласы жаңа серпін алуда. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында аудан әкімі Нұрбек Қошқарбаев мәлімдеді.

Қазіргі уақытта ауданда 2 қонақүй, «Елімай» демалыс базасы және 3 мектеп жанындағы балалар лагері жұмыс істеп тұр. Өткен жылы ішкі туризм аясында 922 қонақ қабылданған. Сонымен қатар, жыл сайын 5 мыңнан астам адам келетін «Семей орманы» табиғи резерваты аумағында «Демалыс бұрышы» ұйымдастырылған.

-2016 жылдан бері Глуховка ауылдық округінде «Елімай» демалыс базасы табысты жұмыс істеп келеді. Ал биыл Канонерка ауылдық округінде «Zhylandy Eco Village» демалыс орны ашылып, болашақта онда мейрамхана мен бассейн салу жоспарлануда,-дейді Нұрбек Қошқарбаев.

Экотуризм мен балық шаруашылығын дамыту бағытында Старая Крепость ауылында «Маклаков Наиль» жеке кәсіпкерлігі 100 тоннаға дейін балық өсіретін демалыс базасын іске қосты. Мұнда кемпірқосақ форелі, сібір бекіресі, сазан және тұқы өсірілетін алты жасанды тоған бар. 80 орындық 4 кешен салынған, алдағы уақытта мейрамхана ашылады.

-Сонымен қатар, Глуховка ауылдық округінде «Шаңырақ» спорттық-сауықтыру кешені іске қосылуда. Кешен аумағында қонақүй, коттедждер, киіз үй үлгісіндегі мейрамхана, бассейн, футбол алаңы мен жазғы беседкалар қарастырылған,-деді аудан әкімі.

Ауданның туристік әлеуеті табиғат байлығымен ерекшеленеді: мұнда қайталанбас қарағайлы орман, әйгілі Ертіс өзені және халық арасында емдік қасиетімен танымал «Шипалы» көлі бар. Биыл облыс әкімі Берік Уәлиұлының қолдауымен аталған көлге электр энергиясын тарту жобасы мақұлданып, облыстың инвестициялық жобалар тізіміне енгізілді.

-Ағымдағы жылы «Шипалы» көлінің жағасында «Aisua Trade» ЖШС заманауи шипажай салуды жоспарлауда. Жоба аясында 180 орындық қонақүй кешені, жайлы коттедждер, мейрамхана, монша және демалушыларға арналған түрлі инфрақұрылым бой көтермек,-деп атап өтті спикер.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button