Облыс әкімі Мақаншы ауданының тұрғындарымен кездесті

Жиында алдымен аудан әкімі Дәурен Қойгелдин 2024-2025 жылдардағы негізгі көрсеткіштерге тоқталып, атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Облыс әкімі Берік Уәли өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, шешімін күткен мәселелер және алдағы жоспарлар жөнінде баяндама жасады.
Биылғы жылдың 8 айында облыс экономикасында оң көрсеткіштер байқалды. Көлік саласында 122,5%, құрылыста 120,8%, ішкі саудада 107,4%, ауыл шаруашылығында 102,9%, өңдеу өнеркәсібінде 101,2% өсім қамтамасыз етілді.
Ауыл шаруашылығы саласында Мақаншы ауданының үлесі зор. Ауданның егіс алқабы 64,5 мың гектарды құрайды. Биыл жергілікті шаруаларға «Кең дала – 2» бағдарламасы аясында 393 млн теңге несие беріліп, техника паркі 9 жаңа техникамен толықты. Сонымен қатар, жалпы құны 21 млрд теңгені құрайтын 4 инвестициялық жоба жоспарланған. Аталған жобалар ауданда ауыл шаруашылығының дамуына, жұмыс орындарының ашылуына және өндіріс көлемінің артуына ықпал етпек. Бұдан бөлек ауданда жалпы құны 15 млрд теңгені құрайтын, 228 жаңа жұмыс орнын ашуды көздейтін 3 жоба жүзеге асырылуда.
Әлеуметтік салада да ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Биыл Мақаншы ауданында 118 пәтер пайдалануға берілмек. 14 мектеп пен балалар шығармашылығы үйі жөндеуден өтті. Бірқатар мектепке жаңа пәндік кабинеттер мен автобус алынды.
Аудандық аурухана күрделі жөндеуден өтіп, заманауи медициналық техника сатып алынады. Сондай-ақ 1991 жылдан бері құрылысы аяқталмай тұрған дәрігерлік амбулатория жыл соңына дейін қолданысқа беріледі.
Инженерлік инфрақұрылымды жаңарту бағытында биыл Қабанбай және Бекет ауылдарында ауыз су жобалары аяқталады. Мақаншы және Көктал ауылдарының көшелері жарықтандырылып, аудан орталығындағы Арбат пен Жеңіс саябағы абаттандырылуда. Сонымен қатар, ауданда жолдарды жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биыл Алакөлдің жағалауын дамытуға облыстық бюджеттен 659 миллион теңге бөлінді.
Мәдениет пен спорт саласы да назардан тыс қалып отырған жоқ. Қарабұлақ ауылында спорт модулі салынып жатыр. Аудандық Мәдениет үйіне қарасты «Інжу – Маржан» ансамбліне музыкалық аспаптар алынды. Балалар спорт мектебінің материалдық-техникалық базасы нығайтылуда.
Жиын соңында облыс әкімі тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, сұрақтарына жауап берді.
Бүгін жарты жылдан астам уақытта атқарған жұмыстарға есеп беріп, көкейлеріңізде жүрген сұрақтарыңызға жауап беріп, алдағы жоспарлармен бөлісу мақсатында өздеріңізбен жүздесіп отырмын. Осыған дейін бірнеше рет арнайы келіп, әлеуметтік нысандарды аралап, ауданның тыныс-тіршілігімен таныстым. Алакөлді айнала қонған ағайынның барлық түйткілді түйіндері мен алаңдатарлық мәселелерін жақсы білемін. Ауданда атқаратын жұмыс аз емес. Барлық өзекті мәселе кезең-кезеңімен шешілетін болады, – деді аймақ басшысы.
АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ