«Келешек мектептері»: Аягөз ауданында 600 орындық жаңа мектеп құрылысы аяқталуға жақын

Аягөз ауданының «Қуаныш» шағынауданында салынып жатқан 600 орындық жаңа мектептің құрылысы аяқталуға жақын. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында бой көтерген білім ордасы жуық арада оқушыларға есігін ашпақ.
Құрылыс жұмыстарының негізгі кезеңдері аяқталған. Шатыр жабу, терезелер мен сыртқы есіктер орнату, сыртқы инженерлік желілерді тарту (жылу, су, кәріз, электр, байланыс) және ішкі жұмыстар толық тәмамдалған.
Қазіргі уақытта сыртқы, ішкі әрлеу жұмыстары, ауланы абаттандыру және технологиялық жабдықтарды орнату жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ инженерлік жүйелердің 90–95 пайызы орындалған.
Үш қабатты жаңа мектепте заман талабына сай 30 пәндік кабинет, 6 зертхана, 256 орындық асхана, 150 орындық акт және спорт залдары, кітапхана және оқу залы қарастырылған. Оқу процесі бір ауысымда мемлекеттік тілде ұйымдастырылады.
Аягөздегі бұл жаңа білім нысаны пайдалануға берілген соң, жергілікті оқушыларды қолайлы әрі сапалы білім беру ортамен қамтамасыз етеді деп күтіліп отыр. Жалпы осы жоба бойынша облыста бес жаңа мектеп қамтылмақ.
АБАЙ ОБЛЫСЫ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ