Абай облысында отандық қой шаруашылығын дамыту мәселелері жөніндегі халықаралық семинар-кеңес өтті

Бүгін Семейдегі Шәкәрім университетінде «Кооперация тетіктерін енгізу, мемлекеттік қолдау шараларын тиімді пайдалану және инвестиция тарту негізінде отандық қой шаруашылығының экспорттық әлеуетін дамыту» тақырыбында халықаралық семинар-кеңес өтті. Шараға облыс әкімі Берік Уәли, ҚР Ұлттық аграрлық ғылым академиясының президенті, ҰҒА академигі Тілектес Есполов және Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстары әкімдіктері басқармаларының, шаруа қожалықтарының өкілдері, төрт түлік мал, қой шаруашылығына мамандандырылған ғылыми-зерттеу институттарының жетекші мамандары, отандық және шетелдік ғалымдар қатысты.
Семинар барысында қой шаруашылығы саласындағы ғылыми зерттеулердің нәтижелері, заманауи технологиялар, халықаралық ынтымақтастық және экспорттық нарыққа шығу мүмкіндіктері қаралды.
Шара аясында Абай облысының әкімдігі, ҚР Ұлттық аграрлық ғылым академиясы және «Қазақ аграрлық өнеркәсіптік кешені экономикасы және ауылдық аумақтарды дамыту ғылыми-зерттеу институты» ЖШС арасында ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойылды. Құжат ауыл шаруашылығын тұрақты дамыту, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Аймақ басшысы семинар-кеңестің маңызын атап өтіп, қой шаруашылығының ел экономикасындағы орны ерекше екенін жеткізді.
Ата кәсіп – төрт түліктің жайы, мал шаруашылығының жағдайы туралы ғылыми тұрғыдан толғанып, ғылыми тұжырым жасау қашан да өзекті. Сондықтан отандық қой шаруашылығын дамыту мәселелері жөніндегі халықаралық семинар-кеңестің біздің өңірде өтуі біз үшін маңызды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы халыққа арнаған Жолдауында ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру керегін айғақтай отырып, «Қолданбалы ауыл шаруашылығы ғылымын жедел өркендетпейінше, агроөнеркәсіп кешенін ұзақ уақыт бойы қарқынды дамыту мүмкін емес» деп ғылымға арқа сүйеудің маңызын ерекше атап өткен болатын. Бүгінгі алқалы басқосу қой шаруашылығын дамытуға байланысты тәжірибелі кәсіпкерлер мен білімді мамандардың өзекті пайымдарын ортаға салып, ғылыми тұрғыдан зерделеуге және пікір алмасауға таптырмас алаң болады деп есептейміз, – деді облыс әкімі.
Ұлттық аграрлық ғылым академиясының президенті Тілектес Есполов Абай облысының аграрлық әлеуеті зор екенін атап өтті.
Бүгінгі отырысымызды тарихи өлке, киелі ұлы Абай елінің Семей қаласында өткізуді жөн көрдік. Абай облысы – қуатты агроөнеркәсіптік әлеуеті бар өңір. Мұнда егіншілік, мал шаруашылығы, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу жақсы дамыған. Біз қиындықтарды мүмкіндіктерге, ал өңірдің бай әлеуетін әл-ауқат пен гүлденудің көзіне айналдыру үшін бірге жұмыс істеуіміз керек, – деді академик.
Семинарға қатысқан Оман сұлтандығындағы «Atyab International Services» компаниясының жетекші техникалық қолдау маманы (ТМД және Орталық Азия өңірі) Сеид Кажа Арифуддин «Қазақстан қой шаруашылығына халал стандарттары мен азық-түлік қауіпсіздігі протоколдарын енгізу» тақырыбында, ал пәкістандық профессор Мұхаммед Камар Билал (Файзалабад ауыл шаруашылығы университеті) онлайн режимде қосылып, «Пәкістандағы қой шаруашылығы тәжірибесі» тақырыбында баяндама жасады.
Бүгінде Абай облысында қой шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді, асыл тұқымды мал үлесі 25 пайызға жеткен. Қазіргі уақытта Жаңа Семей ауданының Шақаман ауылында ет және ет өнімдерін терең өңдейтін өндірістік кешеннің құрылысы жүргізілуде. Кәсіпорын іске қосылғанда аудандарда қосымша кооперативтер құрылып, қой шаруашылығының өнімділігі мен экспорттық әлеуеті арта түседі.
Статистикалық деректерге сүйенсек, облыстағы қой саны республикадағы барлық ұсақ мал басының 6 пайызын құрап отыр. Елімізде 22 миллионнан астам қой болса, соның 1 миллион 500 мыңға таяуы Абай облысында. Сондықтан бұл бағытты дамытуға үлкен мүмкіндік бар.
АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ