Абай облысыТОП

Облыс әкімі Көктүбек және Сәтбаев ауылдарының тыныс-тіршілігімен танысты

Сәтбаев ауылдық округіне қарасты Көктүбек ауылы аудан орталығынан 12 шақырым жерде орналасқан. Елді мекендегі медициналық пункт 2024 жылы «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында салынып, биыл пайдалануға берілді.

Мұнда ересектер мен балаларға дәрігерге дейінгі алғашқы медициналық көмек көрсетіледі. Қабылдауды фельдшер жүргізеді. Пункттің амбулаториялық-емханалық қуаттылығы – тәулігіне 25 адам.

Ғимарат заманауи стандарттарға сай жабдықталған. Пациенттерді қабылдау кабинеті, процедура бөлмесі, дезинфекциялық құралдарды сақтау бөлмесі және күту залы бар.

Аймақ басшысы медициналық нысанды аралап шыққан соң ауыл тұрғындарымен кездесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Кездесу барысында тұрғындар интернет байланысының нашарлығын, ауыл мектебінің спорт зал ғимаратының ескі әрі талапқа сай келмейтінін жеткізіп, жаңа спорт зал салып беруге көмек көрсетуді сұрады.
Облыс әкімі тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелердің ескерусіз қалмайтынын айтып, тиісті басқармаларға ұсыныс енгізуді тапсырды.

Барлық жұмыстарды заманауи талапқа сай атқарып, Көктүбектегі медициналық пунктті ауыл халқына табыс етіп тұрмыз. Аққала мен Қожагелді ауылдарында жаңа медициналық пункттер тұрғындардың пайдалануына беріледі. Ауылда жол мәселесі шешімін тапқан. Ал интернетке қатысты түйткіл келесі жылы толық шешіледі, – деді аймақ басшысы.

Облыс әкімі Сәтбаев ауылына да арнайы барып, елді мекендегі клубтың жағдайын көрді.
1970 жылы салынған мәдениет ошағында 4 адам жұмыс істейді. Клуб 2014 жылы ағымдағы жөндеуден өткен.

Аймақ басшысы осы жерде ауыл ақсақалдарымен, тұрғындармен кездесті. Кездесу барысында елді мекенге жаңа мәдениет үйінің қажеттігі айтылды.Ауылымызға арнайы келгеніңіз үшін алғыс айтамыз. Мемлекет халық алдындағы өз міндетін орындап жатыр. Ауылымызда мектеп бар. Медициналық пункт жұмыс істеп тұр. Жол салынды. Интернет тартылды. Енді осындағы ауылдық клуб жаңартылса деген өтінішіміз бар, – деді Сәтбаев ауылының тұрғыны Бағлан Қабышев.

Облыс әкімі бұл мәселені ауданға, ауылға жанашыр азаматтардың, яғни демеушілердің көмегімен шешуге болатынын да айтып, аудан әкімі Ерсін Ескендіровке осы бағытта жұмыс істеуді тапсырды.

АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ

Осы айдарда

Back to top button