Абай облысыМәдениетТОП

Семейде Қызылорда облысының өнер күндері өтті

Қызылорда облысының өнер күндері аясында Семейдегі Абай атындағы драма театрында Сыр елінің өнер шеберлері Гала-концерт ұсынды.

Гала-концерт алдында екі өңірдің басшылары құттықтау сөз сөйледі. Облыс әкімі Берік Уәли Сыр өңірінен келген қонақтарға, 200-ден астам адамнан құралған арнайы делегацияны, өнерпаздарды бастап келген Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Мәшбекұлына алғысын жеткізді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Көкшетауда өткен Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында сөйлеген сөзінде «Ұлттық бірегейлігімізді нығайту жолында мәдениет саласы айрықша рөл атқарады» деп атап өткен болатын. Біз ән мен күйдің, сүлейлер мен жырдың киелі мекенінен, Сыр бойынан арнайы ат басын тіреп келген әрбір қонақты Семей төрінде қуана қарсы аламыз.
Абай мен Сыр өңірі қазақтың тарихында ежелден ізі қалған, күллі алаш баласы басын иіп тағзым ететін қасиетті жерлер. Қызылорда да, Семей де – қазақ елінің тарихи тағдырына ерекше із қалдырған қастерлі өлкелер. Екі өңір де белгілі кезеңдерде қазақ елінің астанасы болған. Семей мен Сыр елі – қазақтың елдігі мен мемлекеттілігінің алтын бесігіне айналған қос шаңырақ десек жарасымды болмақ. Сондықтан да, біз бұл достықты ежелгі тарихымыздан тамыр тартқан, бауырластықпен берік бекіген егіз өріс ретінде бағалаймыз. Осы екі аймақтың тілегін тоғыстырып, жүрегін толқытқан бүгінгі өнер кеші құтты болсын! – деді аймақ басшысы.

Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өңір жұртшылығын Абайдың 180 жылдығымен құттықтап, мерейтойдың жоғары деңгейде атап өтілгенін айтты.

Қорқыттың күй сарынынан бастау алған сырбойылық жыршы-жыраулар, сахна дүлдүлдері, дарабоз ақындар бүгін өз өнерлерін паш етеді. Қызылорда облысының өнер күндерін Семей қаласында өткізуге қолдау білдірген әріптесім, облыс әкімі Берік Уәлиұлына зор ризашылығымды, шынайы алғысымды білдіремін!
Тарихта Семей мен Қызылорда қалалары ұлтымыздың тағдыршешті мәселелері қаралып, маңызды шешімдер қабылданған саяси орталық ретінде қызмет атқарды. Бүгінде Президентіміздің қолдауымен дербес облыс болып құрылған Абай елінде серпінді жаңа жобалар жүзеге асып жатқанына біз өте қуаныштымыз. Бүгінгі шара екі өңірдің мәдениет, өнер саласы қызметкерлерінің бір-бірімен тәжірибе алмасуына, іскерлік байланыстарын арттыруға ықпал етеді, –  деді Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.

Қызылорда облысының өнер шеберлерінің гала-концерті аясында Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі, симфония оркестрі, «Томирис» би ансамблі, «Сыр самалы» вокалды аспапты ансамблі, аралас хор, сондай-ақ дәстүрлі, классикалық және эстрадалық әншілер өнер көрсетті. Сырбойылық өнерпаздар көрермен назарына «Қорқыт-Қобыз», «Бүлдірген», «Сұрша қыз», «Батыр Баба», «Дала сыры» туындыларымен қатар «Махамбет» поэмасы, «Қазақ елі» әні, сондай-ақ халық әндері мен күйлерінен, әлемдік классикадан үзінділер ұсынды.

Гала-концерт алдында жұртшылық «Сыр өңірі – түркі өркениетінің алтын бесігі» атты көрмені тамашалады. Көрмеге Шірік-Рабат сақ жауынгерінің, Сығанақ ханшайымының, Түгіскен көсемінің, Жетіасар ақсүйек әйелінің археологиялық реконструкциялары, сондай-ақ этнографиялық жәдігерлер, Қорқыт ата және Марал ишан мұралары, тарихи фотоматериалдар мен сирек басылымдар қойылған.

АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ

Осы айдарда

Back to top button