Семейде ми қанайналымының ауыр бұзылыстары бар пациентке жоғары технологиялық ота сәтті жасалды

Семей қаласының Жедел медициналық жәрдем ауруханасында 63 жастағы Ермекбай Қ.-ға жоғары технологиялық ота сәтті жүргізілді. Пациентке ми қанайналымының ауыр созылмалы тамырлық бұзылыстары диагнозы қойылған еді.
Ер адам бірнеше жыл бойы үнемі бас ауруынан, құлақтағы шудан, бас айналуынан, жүрісінің тұрақсыздығынан, әлсіздік пен қан қысымының күрт өзгерістерінен зардап шеккен. Амбулаториялық жағдайда ем қабылдағанына қарамастан, шағымдары сақталып, өмір сүру сапасын айтарлықтай төмендеткен.
Дәрігерлер мынадай диагноз қойды: ұйқы артерияларының созылмалы окклюзиясы, тамырлардың айқын стенозы. Жағдайды жүректің ишемиялық ауруы, гипертония және қант диабеті секілді ілеспе сырқаттар күрделендірді. Бұған дейін, 2025 жылдың наурыз айында, пациентке сол жақ ішкі ұйқы артериясына стенттеу жасалған болатын, алайда қосымша операция қажеттілігі сақталған еді.
Семей қаласының ЖМЖА нейрохирургтарының кеңесінен кейін жоспарлы госпитализация жасалып, қайта жоғары технологиялық ота жүргізу шешімі қабылданды. Қиын диагнозға қарамастан, операция сәтті өтті. Пациентке қан айналымы қалпына келтіріліп, инсульт қаупі азайтылды.
Семей қаласының ЖМЖА-да хабарлағандай, 2024 жылы бөлімшеде осындай 6 операция жасалған, ал 2025 жылдың басынан бері – 4 ота орындалды. Бір отаның құны 4 миллион теңгеден асады, оған стационарда болу мен оңалту курсы кірмейді. Алайда МӘМС жүйесінде сақтандырылған азаматтар үшін мұндай оталар толықтай тегін жасалады.
Бұл операция жоғары технологиялық әрі қымбат тұратын санатқа жатады. Бірақ ол МӘМС аясында тегін жасалады. Оның мәні – зақымданған тамырдың бітелген бөлігін айналып өтетін жаңа жол жасау. Бұл болашақта ишемиялық инсульттің алдын алып, мидың қанайналымын жақсартады, – деді ЖМЖА нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі Алтай Культуманов.
Дәрігерлердің айтуынша, тұрақты бас ауруы, бас айналу, қозғалыс үйлесімділігінің бұзылуы мен есте сақтау қабілетінің төмендеуі – мидың қанайналымындағы ауыр бұзылыстардың белгісі болуы мүмкін. Мұндай симптомдар байқалған жағдайда дер кезінде дәрігерге қаралу қажет. Ерте диагностика өмірді сақтап, мүгедектіктің алдын алуы мүмкін.