Абай облысында Бесқарағай жылқы тұқымын шығаруға дайындық жұмыстары жүргізілуде

Облыс әкімі Берік Уәли Бесқарағай ауданында асыл тұқымды жылқы шаруашылығын дамытумен айналысып жүрген кәсіпкермен және ғалымдармен кездесті. Кездесуге «Мукинов» шаруа қожалығының басшысы Хабидолла Мукинов, ауыл шаруашылығы ғылымдарының өкілдері Қайрат Исхан мен Амин Акимбеков қатысты.
2022 жылдан бері «Мукинов» шаруа қожалығы базасында Шәкәрім университеті мен Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің ғалымдары бірлесіп «Бесқарағай» жылқы типін жетілдіру бойынша селекциялық жұмыстар жүргізіп келеді. Соның нәтижесінде «Шойынқара» және «Байторы» атты жаңа типтер ресми түрде танылып, патенттелді.
Қазіргі уақытта жылқы тұқымын толық қалыптастыру үшін қосымша екі жаңа аталық із – «ҚанКүрең» және «Тобылғы жирен» бағыттарын шығару жұмыстары жүргізілуде. Бұл жобалар аяқталғаннан кейін «Бесқарағай» жылқысы дербес тұқым ретінде мемлекеттік тізілімге енгізілмек.
Аймақ басшысы мал шаруашылығын ғылыми тұрғыда дамытудың маңызына тоқталып, игі бастамаға сәттілік тіледі.
Жылқы шаруашылығы – халқымыздың ата кәсібі әрі ұлттық болмысымыздың айнасы. Ғалымдар мен қожалық иелерінің еңбегін жоғары бағалаймыз. «Бесқарағай» типін жаңа деңгейге шығару – облыс қана емес, еліміздің жылқы шаруашылығы саласы үшін де маңызды қадам. Біз бұл бағыттағы жұмыстарды қолдауды жалғастырамыз, – деді облыс әкімі.
АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ