Семейде Абай облысы әкімінің кубогы үшін халықаралық бокс турнирі басталды

Бүгін Семей қаласындағы «Арена» спорт кешенінде Абай облысы әкімінің кубогы үшін бокстан халықаралық турнир басталды.
Аталмыш спорт додасына Австралия, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттерінен және еліміздің 11 өңірінен 100-ге жуық спортшы қатысады. Жарысқа Әлем кубогының иегерлері, сондай-ақ U-22 және ересектер арасындағы Азия чемпионаттарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері де бақ сынайды.
Халықаралық турнирдің ашылу рәсіміне облыс әкімі Берік Уәли, Қазақстан бокс федерациясының вице-президенті, Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері Мұхтархан Ділдәбеков, бокстан Әлем чемпионы Біржан Жақыпов, Қазақстан бокс федерациясының бас хатшысы Мерей Ақшалов, Абай облысы әуесқой бокс федерациясының президенті Махат Төрәлі қатысты.
Бұл халықаралық турнир – өңіріміздің спорттағы беделін арттырып қана қоймай, жас боксшылардың тәжірибе алмасуына, спорттық шеберлігін шыңдауға мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Бокспен тек рухы мықты адамдар ғана шұғылданады. Бұл ерекше спорт түрі» деп атап өткен болатын. Бокс – еліміздің көк байрағын әлемдік додаларда көкке желбірететін спорт түрі. Біздің еліміздің спортшылары әртүрлі жоғары деңгейдегі жарыстарда бәсекеге қабілетті болғаны өте маңызды. Абай облысында да бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Соның нақты дәлелі – өңір спортшыларының соңғы жылдардағы жетістіктері. 2025 жылғы мамыр айында Шриланка мемлекетінің Коломбо қаласында өткен бокстан Азия чемпионатында Абай облысының спортшылары ел намысын қорғап, жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Бұл – Абай облысында боксқа көрсетіліп жатқан жан-жақты қолдаудың нақты жемісі. Бүгінгі дүбірлі дода – тек шеберлік сыналатын алаң ғана емес, сонымен қатар ел бірлігі мен рухын көтеретін маңызды шара. Баршаңызға сәттілік, әділ жекпе-жек және жарқын жеңістер тілеймін!, – деді аймақ басшысы.
Турнирде спортшылар 10 салмақ дәрежесі бойынша өзара мықтыны анықтайды. Жарыстың жалпы жүлде қоры – 10 миллион теңге. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы кубоктар, медальдар және бағалы сыйлықтар табысталады.
АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ