Абай облысында ауыл шаруашылығы санағы 10 мыңнан астам қожалықты қамтиды

1 тамызда Қазақстанда он жылда бір рет өткізілетін және БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) Дүниежүзілік бағдарламасы аясында жүзеге асатын Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы басталды. Санақ аграрлық сектордың қазіргі жағдайы туралы толық мәлімет беріп, болашақ шешімдерге негіз болады.
Абай облысы бойынша Ұлттық статистика бюросы департаментінің басшысы Берік Терлікбаев Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте санақ екі кезеңнен тұратынын хабарлады: онлайн – 1–31 тамыз аралығында sanaq.gov.kz порталында, офлайн – 20 қыркүйектен бастап.
Спикердің айтуынша, ауыл шаруашылығы құрылымдарының онлайн қатысуы аса маңызды. Бұл уақытты үнемдеп, деректерді жылдам өңдеуге және мамандарға түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.
– 671-ден астам ауыл шаруашылығы кәсіпорнын және шамамен 10 мың шаруа мен фермер қожалықтарын қамту жоспарланып отыр. Қолайлылық үшін екі түрлі сауалнама әзірленген: бірі – ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге, екіншісі – ауласында бақшасы немесе малы бар үй шаруашылықтарына арналған. Санаққа қатысу – әрбір қожалықтың аграрлық сектордың дамуына үлес қосуына мүмкіндік береді. Сіздердің жауаптарыңызға, мысалы, қай жерде қоймалар салынатыны немесе қандай субсидиялау бағдарламалары жүзеге асатыны байланысты болады, – деді Берік Терлікбаев.
Сонымен қатар деректердің құпия түрде сақталатынына ерекше назар аударылды.
– Респонденттер сауалнама парақтарында көрсеткен барлық ақпарат қатаң құпия болып саналады. Ол салық органдарына немесе полицияға берілмейді, тек жиынтық түрде қолданылады, – деп атап өтті ведомство басшысы.
Sanaq.gov.kz порталында сауалнаманың екі нұсқасы қолжетімді: ауыл шаруашылығы өндірушілеріне және ауласында бақшасы, жері немесе малы бар үй шаруашылықтарына арналған. Сауалнама сұрақтары жерді пайдалану, техника бар-жоғы, мал шаруашылығы, инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы өнімін өндіру мен өткізу, сондай-ақ еңбек жағдайларына қатысты.
Порталда пайдаланушыларға ыңғайлы болу үшін арнайы бейненұсқаулық орналастырылған, бөлімдерді толтыруға арналған кеңестер берілген. Сонымен қатар тәулік бойы қолжетімді, сұрақтарға бірден жауап беретін SANAQ мырза чат-боты жұмыс істейді.
Кеңес алу үшін 1446 байланыс орталығы тәулік бойы қызмет көрсетеді. Санақтың алдын ала қорытындылары осы жылдың желтоқсан айында белгілі болып, түпкілікті нәтижелері 2026 жылы жарияланады.