Суды тұтынудың әлеуметтік нормалары енгізілді

Жеке тұлғалар үшін ауыз суды тарифтеу қағидаттары қайта қаралған. Осыған байланысты «тұтынудың әлеуметтік нормалары» енгізіліп, халық үшін тарифтер төрт топқа бөлініпті. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Абай облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Әлі Әбутәліпов мәлімдеді.
Жаңа тарифтеу алгоритмі «неғұрлым көп тұтынсаңыз, соғұрлым көп төлейсіз» принципін қарастырады, яғни суды үнемді пайдаланбайтын тұтынушылар үшін тарифтер жоғарылайды.
– Қазақстанда сумен жабдықтау тарифтері әлемдегі ең төмен тарифтердің бірі болып табылады. Атап айтқанда, 90 елдің ішінде 3-орында тұрса, тұтыну бойынша жан басына шаққанда 7-орында тұр екен. Бұл көрсеткіш осы ресурсты ұтымсыз пайдалануымызды байқатады. Сол себепті су ресурстарын тұтыну мәдениетін арттыру және тұтынушыларды суды үнемдеуге ынталандыру, болашақ ұрпақ үшін су ресурстарын сақтау мақсатында жеке тұлғалар (халық) үшін «тұтынудың әлеуметтік нормаларын» енгізді, – деп атап өтті Әлі Әбутәліпов.
Сараланған тариф елде суды үнемдеу және ұтымды тұтыну мәдениетін енгізуге ықпал етеді. Тұтынудың әлеуметтік нормалары қолдану лимитіне байланысты төрт деңгейлі тарифке жіктелген.
– Тарифке байланысты экономикалық шығындар былайша бөлінеді. Мысалы, айына 3 текше метрге дейін тұтынатын халыққа арналған тариф бірінші топ, 3-тен 5 текше метрге дейін тұтынатын екінші топ, ондағы тарифтің деңгейіне 20% қосылады. Сонымен қоса, 5-тен 10 текше метрге дейін тұтынатын үшінші топқа 50% қосылса, 10 текше метрден көп тұтынатын және есептеу құралдары жоқ төртінші топқа, тариф деңгейіне 100% қосылады, – деп түсіндірді спикер.
Сонымен қатар, «Семей Водоканал» МКК директорының инвестициялар жөніндегі орынбасары Рахымжан Нығмеджанов “Тарифтерді ұлғайтудан түсетін қосымша қаражат сумен жабдықтау және су бұру инфрақұрылымын жаңғыртуға, реконструкциялауға бағытталатын болмақ” деді өз сөзінде.
– Бүгінгі таңда, «Тұтынудың әлеуметтік нормалары» бағытына сай 17 өңірде су арналарының тарифтері бекітілді. Бұл өз кезегінде инженерлік инфрақұрылымның тозуын азайтуды қамтамасыз етуге және тиісінше ұсынылатын сумен жабдықтау қызметтерінің сапасы мен сенімділігін жақсартпақ. Сондай-ақ тұтынушыларды сумен жабдықтау қызметтерін пайдалануға неғұрлым ұқыпты қарауға ынталандыруға мүмкіндік береді,- деп қорытындылады Рахымжан Нығмеджанов.