Аймақ басшысы Дүниежүзілік банк өкілдерімен кездесті
Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев Дүниежүзілік банк өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында тараптар облыста инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру бойынша ынтымақтастық мәселесін талқылады.
Банктің урбанизация мәселелері жөніндегі аға маманы Мохамед Нада қаржы ұйымы тарапынан инвестиция құюға болатын облыстың инфрақұрылымдық жобаларымен танысқысы келетінін атап өтті.
Аймақ басшысы өңірді дамытуда ерекше басымдыққа ие жобалардың бар екенін айтып, олардың тұрғындар үшін қаншалықты маңыздылығына тоқталды. Қазіргі уақытта облысымызда жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, құрылыс, энергетика, табиғи ресурстар және өзге де салаларға қатысты жобаларды қолға алу жоспарда бар.
Біз басымдық беріп отырған жобалардың қай-қайсы болмасын өңір тұрғындарының сұранысын қанағаттандыруға бағытталған. Олардың қатарында әлеуметтік нысандардың құрылысы, халықты ауыз сумен қамту, жылу, кәріз жүйелерін жаңғырту, қатты қалдықтар полигонын салу сияқты маңызды инфрақұрылымдық жобалар бар. Жиыны 60 -тан астам осы жобалармен танысып, ортақ бір шешім табамыз деген ойдамын, – деді облыс әкімі.
Осыған сәйкес аймақ басшысы өз орынбасары Димитрий Гариковке банк өкілдерін облыстағы жобалармен мұқият таныстырып, әр сұрақты тиянақты қарауға тапсырма берді.