Абай облысында алаяқ грантқа түсіруге уәде беріп, 1,6 миллион теңге алдап алған
Бородулиха ауданының тұрғыны алаяқтықтың құрбаны болды. 2024 жылғы маусым айында өзін “Ермекжан” деп таныстырған белгісіз ер адам оның қызын оқу орнына грантқа түсіруге көмектесемін деп, алдау жолымен 1 600 000 теңге көлемінде ақша иемденіп алған.
2025 жылғы 19 қаңтарда жедел қызметкерлер күдікті ретінде 26 жастағы Семей қаласының тұрғынын ұстады. Ол кінәсін мойындады, бірақ ұрланған ақшаны қайтару мүмкін болмады, себебі ол қаржыны жұмсап үлгерген. Тінту барысында күдіктінің телефонынан алаяқтық фактісін дәлелдейтін жазысқан хаттардың скриншоттары тәркіленді.
Алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Тергеу кезінде күдіктіге шақырту бойынша келу міндеттемесі салынды.
Полиция азаматтарды қырағы болуға және күмәнді ұсыныстарға сенбеуге шақырады.