Абай облысыДенсаулықТОП

Абай облысында денсаулық сақтау саласы қалай дамып келеді?

2025 жылға дейінгі «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын жүзеге асыру аясында облыста 65 алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету нысанының құрылысы жүргізілуде. Өңірлерді дамытудың кешенді жоспарында Семей қаласында 100,4 млрд теңгеге 5 медициналық нысанның құрылысы қарастырылған. Гемодиализ орталықтары 2023 жылы Көкпекті ауылында, биыл Үржар мен Ақсуатта ашылды. Сондай-ақ, 2024 жылы Жарма мен Мақаншы ауданындағы аудандық ауруханаларға 2 компьютерлік томограф сатып алынды.

Жедел медициналық жәрдем ауруханасы (ЖМЖА) жүрек-өкпе аппаратымен жабдықталды, бұл туа біткен және жүре пайда болған жүрек ақауларына қан айналымын толық тоқтатып, ашық жүрекке операцияларды енгізуге мүмкіндік берді. Сондай-ақ жұмсақ тіндердің кең, ұзақ жазылатын ақауларына арналған күрделі реконструкциялық пластикалық операциялар енгізілді. Шала туылған және ауыр ақуыз-энергетикалық жеткіліксіздігі бар балалар мамандандырылған емдік тағамдармен қамтамасыз етіледі.

Аурушаңдық деңгейі төмен тенденцияны көрсетті. Мәселен, туберкулез ауруы 11,7 пайызға, қатерлі ісік ауруы 1,5 пайызға азайған. Ауыл тұрғындарын медициналық қызметпен қамтуға үлкен көңіл бөлінуде – жылжымалы медициналық кешендердің арқасында 2024 жылдың өзінде 54 415 адамға қызмет көрсетілді.

Бүгінде облыстағы емдеу мекемелерінде 9500 маман, оның ішінде 2711 дәрігер еңбек етеді. Дегенмен, кадр тапшылығы бар: ауылдық жерлерде 64, ал қалада 26 маман жетіспейді. Медициналық жоғары оқу орындарының түлектерін тарту мәселені ішінара шешуге көмектеседі. Мәселен, 2024 жылы 16 дәрігер-ординатор мен 20 ординатор жұмысқа орналастырылды, оның ішінде тек біреуі ғана облыстық ауруханаға, қалғандары қалаға жіберілді. Облысты мамандармен қамтамасыз ету үшін білім гранттарын арттыру жұмыстары жүргізілуде. 2023-2024 оқу жылына резиденттер үшін 23 грант бөлінсе, 2024 жылы бұл сан 45-ке дейін ұлғайтылды. Сондай-ақ биылдан бастап ҚР Денсаулық сақтау министрлігі 68 грант иегерін оқу бітіргеннен кейін үш жыл бойы Абай облысында міндетті жұмысқа орналастырады. Медицина мамандарын шетелде оқыту біліктілікті арттыру бағдарламасының маңызды бөлігіне айналды. 2023 жылы 64 қызметкер Израиль, Түркия, Ресей және Испанияда оқудан өтті. 2024 жылы 73 маман Германияда, Әзірбайжанда және басқа елдерде біліктілігін арттырды.

Анықтама үшін: Абай облысында 289 денсаулық сақтау нысаны, оның ішінде 33 мемлекеттік, 30 жекеменшік мекеме, 86 дәрігерлік амбулатория, 31 фельдшерлік пункт және 109 медициналық пункт бар. Стационарлық медициналық көмек 3631 төсек-орынмен қамтамасыз етілген, оның 3112-сі мемлекеттік мекемелерде орналастырылған. Күндізгі стационарлар үшін 1243 төсек орын бар, олардың көпшілігі мемлекеттік медициналық ұйымдарда орналасқан.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button