Бесқарағай ауданының шалғай ауылдары интернет желісіне қосылады
Бесқарағай ауданының Ерназар, Қоянбай ауылдары мен «Морозов» орман шаруашылығында интернет желісін орнату жұмыстары басталды. Бұл жергілікті тұрғындар үшін маңызды оқиға. Өйткені, бұл мәселенің шешімін тұрғындар жылдар бойы күткен.
Интернетке қосылу жайы аудан әкімі Талғат Мұратовтың өткен жылы халықпен кездесуінде көтерілген болатын. Мәселе егжей-тегжейлі зерттеліп, қажетті мақұлдаулардан кейін жұмыс басталды.
Жоспар бойынша монтаждау жұмыстары желтоқсан айының алғашқы онкүндігінде аяқталады. Осыдан кейін интернет барлық ауыл тұрғындарына қолжетімді болмақ.
«Бұл көптен күткен қуаныш. 2019 жылдан бері шешімін таппай келе жатқан мәселе көңіл қуантарлық нәтижемен аяқталмақ. Ғаламтор жастарымыздың білім алуына, еңбек етуіне жаңа мүмкіндіктер ашады», – дейді Қоянбай ауылының тұрғыны Медет Ахметжанов.