Абай облысыТОП

Артиллерист – жауынгерлердің оқу-жаттығу жиыны өтуде  

Абай гарнизонының түраралық «Шығыс» оқу жаттығу полигонында артиллерист – жауынгерлердің кезекті оқу-жаттығу жиыны өтуде. Нақтырақ айтқанда «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің 28738 әскери бөлімі жауынгерлік даярлықтың жоспарына сәйкес жеке құрам біріктірілген есетоп құрамында артиллерияның атысын көрсетті. Онда жауынгерлер «Ураган» реактивті дүркін ату жүйесі мен «Гиацинт» сүйреткіш зеңбірегінен оқ жаудырды. Бұл шараға мерзімді қызметін атқарып жүрген сарбаздар да қатысты.

Артиллериядан атыс жаттығуына аталмыш бөлім командирінің жауынгерлік даярлық жөніндегі орынбасары подполковник Ербол Сюундуков жетекшілік етті. Атыс алаңына орналасқан 2-ші зеңбіректік артиллериялық дивизионның артиллерист – жауынгерлері берілген тапсырмаларды орындауға дайын болды. Олар белгіленген уақыт және берілген пәрменмен артиллериялық құрылғыдан оқ атты.

Оқу-жаттығуда 4-ші реактивті артиллериялық дивизионы да берілген тапсырманы нақты және дәл уақытында орындай білді. Жауынгерлер «Ураган» реактивті дүркін ату жүйесінің нағыз маманы екендіктерін көрсетті. 28738 әскери бөлім командирінің жауынгерлік даярлық жөніндегі орынбасары подполковник Ербол Сюундуковтың айтуынша, артиллерия – бұл кез келген іс-қимылды топтасып атқаратын әскер түрі болғандықтан, берілген тапсырмаларды орындау кезінде әр маман иесі берілген бұйрыққа бірден кірісіп кетеді. Мәселен, барлаушы қарсыластың бағытын біліп, орналасқан орнын нақтыласа, топогеодезист өздерінің ұрыстық тәртібінің бағытын белгілеп анықтайды. Атыс кезіндегі ауа – райының құбылуы да маңызды екен. Оны метеоролог есепке алада. Сәйкесінше есептегіш мамандар – белгіленген нысанаға дәл тигізуді есепке алады. Ал есептоптың еш кедергісіз байланысқа шығуын байланысшылар қамтамасыз етеді.

Осылайша, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің 28738 әскери бөлімі жауынгерлік даярлықтарын тағы бір мәрте пысықтап алды. Ең бастысы мерзімді қызметін өткеріп жүрген сарбаздар қос қару түрімен атудан тәжірибе алды. Олар артиллерия құрамында Отан алдындағы борыштарын өткеріп, осындай ату-жаттағуларына қатысқандарына қуанышты екендіктерін жеткізді.

Aбай өңірлік гарнизонының баспасөз қызметі

 

Осы айдарда

Back to top button