Абай облысыТОП

Абай облысында оқушыларды IT саласында кәсіп бастауға дайындайтын жаңа мектеп ашылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» Жолдауында Қазақстан барлық жерде жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды қолданылатын мемлекетке айналуы тиіс екенін атап өтті. Абай облысы цифрландыруды қарқынды дамытып, ІТ-инновацияларды енгізе отырып, бұл үрдісті белсенді түрде қолдайды.

Бүгінде Alikhan Bokeikhan University жанындағы «Abai IT School» мектебі ашылды. Abai IT School – үш тілде оқытатын және ақпараттық технологиялар саласында практикалық дағдыларды ұсынатын жаңа форматтағы мектеп. Мекеменің негізгі мақсаты – оқушыларды IT саласындағы мансапты сәтті бастауға дайындау, сондай-ақ Қазақстанның және шет елдердің жетекші жоғары оқу орындарына түсу үшін ҰБТ, SAT және IELTS тапсыруға көмектесу.

Білім алушылар қазірдің өзінде жобаларға белсенді қатысады. Бұл олардың алған білімдерін тәжірибеде қолдануға және күрделі есептерді шешу дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді. Мектептің оқу бағдарламасы, сонымен қатар роботтарды жасау және бағдарламалау, компьютерлік ойындарды әзірлеу, мультфильм жасау әдістері, 3D нысанды жобалау және басып шығару, виртуалды әлем, сондай-ақ HUAWEI инновациялары, веб-сайттар мен қолданбаларды әзірлеуді қамтиды.

Білім беру бірнеше деңгейге бөлінген: JUNIOR (7-8 сыныптар) ағылшын тілін қарқынды оқыту және бағдарламалау негіздері, ORTA (9-10 сыныптар) – зертханаларда мамандандырылған дайындық және халықаралық жарыстар мен хакатондарға қатысу, SENIOR (11 сынып) – ҰБТ-ге дайындық, ғылыми жобаларды жүзеге асыру және IELTS/TOEFL/SAT-қа дайындық.

Айта кету керек, өңірде жастарды қолдау мақсатында IT саласындағы бірыңғай коммуникациялық кеңістік – «Abai IT-Valley» табысты жұмыс атқарып келеді. Алдағы уақытта болашақ мамандарды дайындайтын ІТ колледжін ашу жоспарлануда. Колледж ең жоғары талаптарға сай заманауи оқу құралдарымен жабдықталмақ. Осы тұрғыдан үздіксіз оқытуды қалыптастыру үшін Заря ауданындағы жаңа мектепте IT бағыты қарастырылған. Шәкәрім университетінде IT саласындағы мамандарды даярлауға, оқыту мен біліктілігін арттыруға бағытталған Huawei ICT академиясы ашылды. Сондай-ақ «Huawei Technologies» компаниясы мен Alikhan Bokeikhan University арасында цифрлық теңсіздікті жою және АКТ саласындағы қазақстандық таланттардың экожүйесін құру үшін білім беру саласына цифрлық инновацияларды енгізуді көздейтін ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button