ҚазақстанТОП

Теңге ілуден 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысатын қазақстандық спортшылар анықталды

Теңге ілуден ҚР ұлттық құрамасы, 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ел намысын қоррғайтын үш үздік спортшыны анықтады.

«Іріктеу сайыстарының нәтижесінде 3 стиль бойынша 3 үздік спортшыны анықтадық. 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында сайыстың барлық түрінен алтын иеленеміз деген сенім бар. Ол үшін бар мүмкіндігімізді пайдаланамыз», – деді ҚР Ұлттық және ат спорты түрлерінен мемлекеттік жаттықтырушы Нұркен Байбөриев.

Еліміздің ең үздік 6 теңге ілушісі Көшпенділер ойындарына тікелей жолдама беретін 3 орынды сарапқа салып, іріктеу ойындарына қатысты.

Спортшыларымыз «Қос құлаш», «Бес белес», «Жеті құт» стилдері бойынша бақ сынады. Қорытындылай келе, 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ел намысын келесі спортшылар қорғайды:

  • «Бес белес» стилінен Бекнұр Серіков;
  • «Жеті құт» стилі бойынша Бақыт Төлтай;
  • «Қос құлаш» стилінен Рахат Қамбаров.

Бекнұр Серіков – Батыс Қазақстан облысының тумасы. 2018 жылы жасөспірімдер арасындағы ҚР чемпионатында 1-орын, 2020 жылы жастар арасындағы ҚР чемпионатында 1-орын, 2023 жылы І Азия кубогінің 1-орын иегері.

Бақыт Төлтай – 1998 жылдың 12 тамызында Шымкент қаласы, Арыс ауданы, Монтайтас ауылында дүниеге келген. 2021 жылы ересектер арасындағы ҚР чемпионатының қола жүлдегері, 2023 жылы ересектер арасындағы ҚР чемпионатында алтын және күміс медалінің иегері,  2024 жылы Азия чемпионатының алтын медалінің иегері.

Рахат Қамбаров – 2001 жылы Түркістан облысында туған. 2022 жылы Теңге ілу федерациясының бас жүлдесін, 2023 жылы өткен VI ҚР Ұлттық спорт фестивалінің бас жүлдесін, 2024 жылы Азия кубогын иеленіп, 2024 жылы өткен Азия чемпионатының алтын жүлдегері атанды.

«Мен бала кезімнен атқа жақын өстім. Теңге ілу спортына келуіме де себеп болған жылғықа деген махаббатым. Бүгінде 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық жоғарғы деңгейде өтіп жатыр. Ел намысын абыроймен қорғау үшін барымызды саламыз»,- деді теңге ілуден ұлттық құрама мүшесі Бақыт Төлтай.

Айта кетейік, теңге ілуден 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары алдындағы қорытынды оқу-жаттығу жиыны 27 тамыз бен 7 қыркүйек аралығында Астанада болады. Оқу-жаттығу жиындарын ҚР Туризм және спорт министрлігінің Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы ұйымдастырып отыр. Ал 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында теңге ілу бойынша жарыстар 11-13 қыркүйек аралығында Этноауыл аумағында өтеді.

Еске сала кетейік, Республикалық «Теңге ілу» федерациясы Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығының құрамына кіреді. Қауымдастық құрамында бұдан өзге «Аударыспақ», «Көкпар», «Жамбы ату», «Садақ ату», «Бәйге», «Құсбегілік», «Асық ату», «JORYQ» ат спорты және т.б. федерациялар бар. ҚР Ұлттық спорт қауымдастығын Исламбек Салжанов басқарады.

Айта кетерлігі, 8-13 қыркүйекте Астана қаласында 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Іс-шараға 89 елден 2000-нан астам спортшы қатысады деп жоспарлануда. 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының Бас демеушісі – ALAGEUM ELECTRIC, Ойындардың Бас серіктесі – Halyk Bank. Астанада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында барлығы 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының баспасөз қызметі

Осы айдарда

Back to top button