Абай облысыТОП

Көмекке барған Абай гарнизонының әскерилері үйлеріне оралды

Батыс Қазақстан облысы Орал қаласына көмекке барған Абай гарнизонының әскери қызметшілері су тасқынына қарсы күрес жұмыстарын аяқтады. Жағдайдың тұрақталғанына байланысты Абай гарнизоны әскери бөлімдерінің 200-ден астам жауынгері тұрақты орналасау пунктеріне оралды, – деп хабарлайды Semeynews.kz.

Әскери қызметшілерді теміржол бекетінен салтанатты жағдайда әскери бөлім басшылығы мен жұбайлары, туған-туыстары қарсы алды. Батыс Қазақстан облысындағы су тасқынына қарсы іс-шараларға айтарлықтай үлес қосқандардың бірі 44739 әскери бөлімінің байланыс рота сержанты Қайрат Мақсұтов. Ол әскери қызметшілердің су тасыған аумақтарда екі ауысымда жұмыс жасағандарын айтады.

  • Абай гарнизонының 200-ден астам жауынгері Батыс Қазақстан облысындағы су тасқынына қарсы іс-шараларға айтарлықтай үлес қосты. Әскерилер бара салысымен күн-түн демей ашық аспан астында бөгеттер тұрғызды, эвакуациялау, күзету шараларына қатысты, тұрғындарға көмек көрсетті. Отан алдындағы борышымызды осылай лайықты атқарып, үйімізге аман-есен оралдық. Жауынгерлерге алғысым шексіз, – дейді Қ.Мақсұтов.

Ал Абай гарнизонына қарасты 28738 әскери бөлімінің психологы Гүлмира Мөкенова осындай жағдайда еліміздің күші бірлікте екенін көрсетуіміз керек дейді.

  • Елімізде орын алған жағдайға Абай гарнизонының әскери қызметшілері бей жай қарай алмады. Сондықтан оларға алғыс айтқымыз келеді. Олармен бірге екенімізді, бәріміз бір екенімізді білдіру үшін қолдау көрсеткіміз келеді. Ең бастысы, еліміз аман – есен болып, ұрпақтарымыз алаңсыз өмір сүрсе екен деймін, – деді Гүлмира Мөкенова.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button