«Елімай» ФК «Таза Қазақстан» акциясы аясында ағаш отырғызуға қатысты

Осы маусымда QFL премьер-лигасында өнер көрсететін «Елімай» футбол командасы акцияға өз үлесін қосты. Орталық саябаққа 30-дан астам шырша көшеттерін отырғызды, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
Акцияға Семей қаласының әкімі, футбол әуесқойлары мен шаһар тұрғындары қатысты.
Естеріңізге сала кетейік, акцияның мақсаты – өңірлердің экологиялық жағдайын жақсартуға ел халқын біріктіру.
Акцияға футболшылармен бірге қатысқан қала әкімі Нұрбол Нұрсағатов Семейде жасыл желек егу жалғасатынын атап өтті.
«Елімай» футбол командасының капитаны Еркебұлан Нұрғалиев спортшылардың эко-акцияға белсенді қатысқанын атап өтті.
«Біз, «Елімай» командасының мүшелері Президенттің «Таза Қазақстан» акциясын өткізу туралы бастамасын қолдаймыз. Қазір біз бос уақытымызда жиі баратын саябаққа 2 метрлік шырша көшеттерін отырғызып жатырмыз. Біз Семейдің командасы болғандықтан, қаланың дамуына белсенді үлес қосамыз», – деді капитан.
Бұған дейін «Елімай» футбол клубының тәрбиеленушілері «Семей Орманы» РММ қызметкерлерімен бірлесіп 2 мыңнан астам қарағай көшетін отырғызған болатын.
Semeynews.kz