Өңірде 15 мыңнан астам түлек қорытынды емтихан тапсырады
9-сынып оқушылары үшін 2024 жылғы қорытынды емтихандар 29 мамырдан 10 маусымға дейін, ал 11-сыныптар үшін 28 мамыр мен 11 маусым аралығында өткізіледі, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз-мәслихатында облыстық инновациялық әдістемелік орталықтың оқыту мазмұны және білім сапасының мониторингі бөлімінің басшысы Төлеуғайша Әлиева баяндады.
Бүгінде Абай облысы бойынша 302 мемлекеттік, 7 жекеменшік білім беру ұйымы бар. 2023-2024 оқу жылында 15 мыңға жуық оқушы мектеп бітіреді, оның 5 мыңға жуығы – 11-сынып, ал 9785-і 9 – сыныптың түлектері. Айта кетелік, облыстағы білім беру ұйымдарында білім алушылардың жалпы саны 100 291 адамды құрайды.
- Биыл 9-сынып оқушылары төрт пәннен емтихан тапсырады: оқыту тілі (эссе), математика, қазақ немесе орыс тілі мен әдебиеті және таңдау пәні. Ал 11-сынып оқушылары 5 пән бойынша емтихан тапсырады: оқыту тілі (жазбаша), алгебра және анализ бастамалары (жазбаша), Қазақстан тарихы (ауызша), тіл мен әдебиет және таңдау пәннен емтихан (жазбаша), – деді Төлеуғайша Әлиева.
Әдістемелік орталық маманының айтуынша, 9 және 11 сынып оқушылары белгілі бір жағдайда тек білім басқармалары басшыларының бұйрығымен, ал республикалық мектептердің білім алушылары ҚР Оқу-ағарту министрінің бұйрығымен қорытынды аттестаттаудан босатылады.
- Оқушылардың тиісті құжаттар тізімі болған жағдайда емтиханнан босату туралы бұйрық шығарылады. Қорытынды аттестациядан босатылған білім алушылар ағымдағы оқу жылының жылдық бағалау негізінде бағаланады, – деді баяндаушы.
Осы жылдан бастап қазақ тілінен емтихан тапсыратын оқушылар қатары артады. Бұған дейін тек 9 бен 11-сыныптар ғана емтихан тапсырып келген еді. Енді биылғы оқу жылынан 5-8 және 10-сынып оқушылары қазақ тілін қаншалықты білетінін көрсетуге тиіс.
- Қазақ тілінен емтихан жазбаша және ауызша түрде өткізіледі. Тыңдалым, айтылым, оқылым және жазылым сияқты дағдылар бағаланады. Баға емтихан және жылдық бағалау нәтижелері бойынша қойылады. Емтихан оқушылар арасында қазақ тілін білу мен қолдануды және олардың тілдік ерекшелігін нығайтуға, сондай – ақ мәдени мұраны сақтауға ықпал етуге бағытталған, – деп қорытындылады спикер.
Semeynews.kz