Биыл Абай облысы бойынша қызылшаның зертханалық расталған 75 жағдайы тіркелген

Оның ішінде Семей қаласында – 44, Аягөз ауданында – 12, Үржар ауданында – 11 және Жарма ауданында – 8 факті анықталған, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен баспасөз маслихатында Абай облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау Департаментінің басшысының орынбасары Айгүл Тоқтабаева облыс аумағында эпидемияға қарсы атқарылып жатқан іс-шаралармен бөлісті.
- Сырқаттанушылықтың 55 жағдайы яғни, 73,3 % 14 жасқа дейінгі балалар арасында тіркелген. Жасөспірімдер арасында дерттің өршуі вакцинациядан бас тарту салдарынан орын алуда. Қазіргі таңда республика бойынша 6 айдан 10 айға дейінгі балаларды қызылша, қызамық және паротитке қарсы қосымша жаппай иммундау басталды. Жаппай иммундау эпидемиологиялық жағдай тұрақталғанға дейін жалғаспақ, – деді Айгүл Тоқтабаева.
Бүгінде жаппай иммундау шеңберінде 2449 адам екпе алған. Оның ішінде 6 айдан 10 ай 29 күнге дейінгі балалар саны – 1400, 2-4 жастағы балалар – 1013, медицина саласының 36 қызметкері вакцинацияланды.
- Қызылшаны жұқтырудан, сондай-ақ олардың асқынуының алдын алатын жалғыз тиімді құралы – вакцинация. Аталмыш іс-шара шеңберінде алдағы уақытта облыс бойынша 6 айдан 10 ай 29 күнге дейінгі 9191 баланы, 2 жастан 4 жасқа дейінгі 25700 баланы, сондай-ақ қызылшаға қарсы профилактикалық иммундауы жоқ 3400 денсаулық сақтау ұйымдарының қызметкерлерін қамту жоспарлануда, – деп атап өтті спикер.
Екпелерді жүргізу үшін ДДҰ сертификаттаған және мемлекеттік тіркеуден өткен қызылшаға, қызамыққа, эпидемиялық паротитке қарсы аралас вакцина қолданылады. Вакцинация облыстағы рұқсат етілген барлық медициналық ұйымда тегін жүргізіледі.
Semeynews.kz