Семейде интернационалист-жауынгерлерге арналған ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсімі өтті
Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 78 жылдығы мен Отан қорғаушылар күніне орай интернационалист-жауынгерлерге арналған ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсімі өтті, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
Шараға Абай облысы әкімінің орынбасары Шалқар Байбеков, Семей қаласының әкімі Нұрбол Нұрсағатов, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының орынбасары Дархан Ажибаев, ардагерлер кеңесінің өкілдері, этно-мәдени және үкіметтік емес бірлестіктер, мәдениет қайраткерлері, колледж студенттері, сондай-ақ қала мектептерінің, «Жас Ұлан» лицейі мен әскери-патриоттық клуб оқушылары қатысты.
«Сіздерді облыс әкімі атынан келе жатқан Отан қорғаушылар күнімен, Жеңіс күнімен құттықтаймын. Елімізден сан мыңдаған жауынгерлер түрлі соғыстар майданына аттанып, ақтық демі қалғанша шайқасты. Бүгін біз боздақтардың рухына тағзым етеміз. Елімізде ешқашан соғыс болмасын деп тілеймін» – деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары Шалқар Байбеков.
Интернационалист-жауынгерлердің ескерткішіне опат болғандардың әріптестері, туған-туыстары, сондай-ақ қала тұрғындары гүл шоқтарын қойды.
Шара барысында Семейлік жастар аға буын ардагерлерге «Жеңіс лентасын» таратып, мерекемен құттықтады.
Semeynews.kz