Семейде халықаралық әйелдер күніне орай “Ару көктем” атты мерекелік концерт өтті. Нәзік жандарды келе жатқан мерекемен қала әкімі Нұрбол Нұрсағатов құттықтап, оларға гүл шоқтары мен 100 000 теңге көлемінде ақшалай сертификаттар табыс етті, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
Қаламыздың көркеюі мен дамуына үлес қосып жүрген нәзік жанды әйелдер қауымы әр салада еңбек етуде. Бірі өз кәсібін ашып, бірі ауыр өндіріс орындарында жұмыс істесе, енді бірі мемлекетке қызмет етіп жатыр. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы, медицина және білім сияқты басқа да салалардың дамуына ат салысып жүрген аналар мен қыздар баршылық. Барлығы әртүрлі салада еңбек етсе де, әрқайсысының мүддесі халқына адал еңбек ету.
”Әр нәзік жандының тағдыры әртүрлі болғанымен, сіздердің барлықтарыңызға тән бір асыл қасиет бар, ол — өмірді жақсартып, әлемді әдемі етуге деген құштарлық. Бұл — тек сіздердің қолдарыңыздан ғана келеді. Сіздер бір отбасын ғана емес, бүкіл әлемді аялы алақандарыңызбен тербете алатын, адамзат баласының ары, рухы, жігерісіздер”, – деп атап өтті қала әкімі Нұрбол Нұрсағатов.
Қала әкімі өз құттықтау сөзінде қаламызға қалтқысыз қызмет жасап жүрген қарапайым жұмысшы әйелдер қауымының еңбегінің зор екендігін атап өтіп, бірнеше нәзік жандыға 100 000 теңге көлімінде қаржылай сертификаттар мен гүл шоқтарын табыстады.
Марапатталғандардың арасында агроном, әлеуметтік қызметкер, ұстаз, дәрігер, кітапханашы, полиция лейтенанты, радиотелефонист және сылақшы, кондуктор сынды қарапайым еңбек адамдары да бар.
Мерекелік шара концерттік бағдарламамен жалғасты. Кеш барысында қаламыздың өнерпаздары өнер көрсетіп, аналардың құрметіне ән шырқады.
Естеріңізге сала кетейік, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнін мерекелеуге арналған іс-шаралар осы аптаның соңына дейін жалғасады.
Semeynews.kz