Абай облысында Алғыс айту күні өткізілетін іс-шаралар
Абай облысында Алғыс айту күніне орай 60-қа жуық іс-шара өткізілмек, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
1 наурызда Семейде Алғыс айту күніне орай бірқатар шаралар өтеді. Ә.Қашаубаев атындағы облыстық филармония «Бір шаңырақ астында» атты мерекелік концерт ұсынады.
Сонымен қатар, «Адамгершілік алғыстан басталады» акциясы аясында «Бір ел, бір мемлекет, бір халық! Бірге болайық!» атты облыстық форум ұйымдастырылады. Акция облыстық Достық үйінің этномәдени бірлестіктердің қатысуымен өтеді.
Ерекше қажеттіліктері бар балаларға да ерекше назар аударылады. Әсіресе, балалар үшін қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінде «Көктем гүлі» атты мерекелік кеш өтеді.
Сондай-ақ, Алғыс айту күнін мерекелеу аясында облыстық балалар үйінде «Алғыста шекара жоқ» акциясы бастау алады.
Мерекелік шаралар тек Семейде емес, облыстың басқа аудандарында да ұйымдастырылады.
Ақсуат аудандық жастар ресурстық орталығында «Алғыс айту – міндетіміз» атты денсаулық сақтау, құқық қорғау және төтенше жағдайлар саласының мамандарымен сұхбат өтеді.
Көкпекті ауданында Алғыс айту күніне орай тыл еңбеккерлері, еңбек ардагерлері мен көп балалы аналарға арналған концерттік бағдарламалар ұйымдастырылады.
Бесқарағай ауданының Достық үйінде этно-мәдени бірлестіктердің белсенді мүшелерін, түрлі сала өкілдерін құрметтеу, алғыс хаттармен марапаттау шаралары өтеді.
Жарма ауданының Достық үйі де көрермендерге этномәдени бірлестіктердің концертін ұсынады.
Мерекелік шаралар Бесқарағай, Бородулиха аудандары мен Курчатов қаласын да қамтиды.
Semeynews.kz