Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысы жұртшылығымен кездесуде ұлттық жаңғырудың жаңа белесіне қадам басуымыз керектігін алға тартты, деп жазды ҚазАқпарат.
«Семей өткен ғасырдың басында қазақтың рухани астанасы саналған. Абай бастап, Алаш арыстары жалғаған ұлы жол ұлтымызды есейтіп, мүлде жаңа деңгейге көтерді. Олар қазақтың болашағы қандай болуы керектігін айқындап берді.
Біз алыптарымыздың іргелі идеяларын ұстана отырып, ұлттық жаңғырудың жаңа белесіне қадам басуымыз керек», – деді Мемлекет басшысы.
Ол «Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым, ойлап қой» деген хакім Абайдың өсиеті жас ұрпаққа үлгі-өнеге болуға тиіс екенін атап өтті.
«Ұлы ақынның атап көрсеткен бес асыл қасиеті біздің бүгінгі мақсатымызбен толық үндеседі. Ұлы Абай «Толық адам» деген ұғымды қазақ қоғамына ұсынған еді. Толық адам, меніңше, бұл – болмысы кемел, көзқарасы терең, көкірегі ояу, еңбекшіл адам деген сөз. Өздеріңізге мәлім, мен қоғамда жаңа құндылықтар орнықтыру қажеттігі жөнінде үнемі айтып жүремін», – деді Президент.
Фото : t.me/bort_01
Semeynews.kz