Абай облысыҚоғамСаясатТОП
24 тамызда Абай облысынан ҚР Парламенті Сенатына депутаттарды сайлау өтеді

Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Наталия Фесенко брифингте сайлау өткізу тәртібі туралы толығырақ айтып берді, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
- Облыстан екі депутат сайланады: біреу – 2017 жылғы 28 маусымда сайланған депутаттардың өкілеттік мерзіміне; екіншісі – 2020 жылғы 12 тамызда сайланған депутаттардың өкілеттік мерзіміне. Сенат депутаттығына кандидаттар ұсыну мәслихаттар сессияларында және өзін-өзі ұсыну тәртібімен жүргізіледі. Сенат депутаттығына мәслихат депутаты, сондай – ақ облыс аумағында тұратын азамат кандидат бола алады, – деді Наталия Фесенко.
Кандидаттарды ұсыну 13-30 шілде аралығында өтті. Өз кандидатурасын ұсыну арқылы барлығы 11 адамнан өтініш келіп түсті.
Сенат депутаттығына кандидатты тіркеу сайлау туралы Конституциялық заңда көзделген құжаттар болған кезде жүзеге асырылады. Бүгінгі таңда 6 үміткер тіркелген, олардың арасында Семей қаласының әкімі Бақытжан Байахметов бар. Тіркеу 3 тамызда аяқталады.
- Дауыс беруге қатысқан таңдаушылардың елу пайыздан астам дауысын алған кандидат сайланды деп есептеледі. Облыстық комиссия дауыстарды санау нәтижелерін Орталық сайлау комиссиясына екі күн мерзімде ұсынады. Сенат депутаттарын сайлау қорытындыларын Орталық сайлау комиссиясы жеті күн мерзімде белгілейді, – деп түйіндеді Наталья Фесенко.
Semeynews.kz